Қасым-Жомарт Тоқаев: Менің мақсатым – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Түркістан облысына барды.

Бұл – оның Мемлекет басшысы ретінде аймаққа жасаған алғашқы сапары. Халықпен кездесу барысында «Тұңғыш Президенттің саясатын жалғастыра беремін» деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзі басымдық беріп, жұмысты күшейтетін бірнеше бағытқа жеке тоқталды.

Арқада қыстың беті әлі қайта қоймаса, күнгейде нағыз көктем. Қазақстан Республикасының жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Түркістанның ауа райы да, халқы да үлкен жылылықпен қарсы алды. Әсіресе, Президенттің алғашқы сапары осы өңірден басталғанына жергілікті жұрт разы. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс тұрғындарымен жүздесу барысында ел үшін сындарлы сәтте Елбасы мен өзіне сенім білдіргені үшін халыққа алғысын айтып, саясаттағы сабақтастықты жалғай беретінін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасын және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүние жүзі тарихында ешқашан болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңшілігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екенімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екенін дәлелдедік. Бұл – болашақ ұрпақ үшін үлкен үлгі-өнеге. Елбасы айқындаған бағыт-бағдардың өзгермейтінін баршаңызға нық сенімімен айтқым келеді. Менің негізгі мақсатым – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен оның ісін жалғастыра беремін. Түркістан тарихы – барша қазақтың тарихы. Бұл киелі жерді Нұрсұлтан Назарбаев назарынан тыс қалдырмай келді. Ежелден ер түріктің бесігі атанған Түркістанның жеке дара облыс атанғанына 9 ай толды. Осы уақыт ішінде Түркістан шынымен түледі.

Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Түркістанды түлетіп, өркендету мәселесі әрдайым Тұңғыш Президентіміздің назарында болады. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралады. «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен танысты. 88 гектардан астам аумақты алып жатқан тарихи-мәдени орынды туристер үшін тартымды ету мақсаты тұр. Сондай-ақ бұл жерде Президентке «Ұлы дала елі» орталығының жұмысы баяндалды. Бұл кешен Атырау облысының Түркістанға деген тартуы, нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Қазақта «Асар» деген әдемі дәстүр бар. Осы ретте еліміздің барлық аймағы асарлатып, Түркістанды түлетуге атсалысып жатыр. Мемлекет басшысына Конгресс холл мен Медиа орталықтың да құрылысы таныстырылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің айтуы бойынша, қала үш бағытта дамиды. Бірі – жаңа қала. Екіншісі – кесене маңы, мәдени-рухани орталық және үшіншісі – ескі қаланы облыс орталығы деңгейіне шығару. Сонымен қатар өңірде жол мәселесі өткір болып тұр. Қала көшелерінің тек 20% ғана тас төселген. Халықты таза ауызсумен және газбен қамту мәселесі де жуық арада шешімін таппақ. Мемлекет басшысы барған тағы бір нысан – жақында ғана тұсауы кесілген облыстық Жастар ресурстық орталығы. Қасым-Жомарт Тоқаев онда«Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» және «Stem» жобаларымен танысты. Сондай-ақ «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының резиденттерімен кездесті. Бүгінгі таңда мұнда бір мезетте 400-ге жуық жасқа түрлі қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Жастар Түркістанға туристер тарту бағытында түрлі жұмыстар атқарып жатыр. Мемлекеттің қамқорлығына бөленген олардың алғысы да шексіз. Биыл Түркістан қаласының бір жарым мың тұрғыны қоныс тойын тойлайды. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 26 көп қабатты үй салынып жатыр. Бағдарламаның орындалу барысы Мемлекет басшысына баяндалды. Халықтың қарапайым мұқтаждықтарын орындау. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев бұл міндеттерді шешумен мемлекет айналысып келді, айналыса да береді деді. Сондай-ақ ол жұмыс барысында өзі назар аударатын бірқатар мәселені жеке атап өтті. «Олар – әділетті қоғам құру, бізге заңның үстемдігі қажет», – деді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Асхат Азретханов

https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/304163-asym-zhomart-to-aev-meni-ma-satym-elbasyny-strategiyaly-ba-ytyny-saba-tasty-yn-amtamasyz-etu