Бауырлас елдер даму жолын бірге таңдайды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Р.Ердоғанның шақыруымен сапарда болды. Ресми кездесулерде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстың жайы талқыланды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев мен Р.Ердоғанның ресми іс-шаралар аяқталған соң үстел теннисін ойнағаны бейнеленген фотосуреттер жаһандық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні аралап кетті. Шетелдік журналистер бұл спорт қос президенттің де сүйікті бір ойыны екенін еске салады. Осы бейресми сәттің өзі бауырлас елдердің бірлігін паш еткендей.
Тағы бір нышанға толы жайт: Жаңа Қазақстанның, Екінші Республиканың негізін қалап жатқан Қ.Тоқаевтың туыстас елге мемлекеттік сапары Түркия Республикасының негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті Мұстафа Ататүріктің рухына тағзым етуден басталды. Анытқабір кесенесін аралап көрген ол «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды.
Осыдан кейін Анкарадағы Президент сарайында Қазақстанның жаңа басшысын ресми қарсы алу салтанаты өтті. Ресми рәсімнен кейін қос елдің президенттері оңаша отырып, шағын құрамда кеңесті. Тоқаев пен Ердоған түркі елдерінің айналасында қалыптасып жатқан аймақтық және жаһандық күрделі ахуал жайында пікір алмасты. Ең бастысы, қос мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылады. Шағын құрамдағы кездесу соңында Қ.Тоқаев Түркия Президентін елімізге сапармен келуге шақырды.
Мемлекет басшылары қазақ-түрік ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген келіссөздер өткізді. Тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті қалай дамыту керегін, оның тәсілдері, жолдары мен перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Түрік басылымдары сырттан жау тисе, енді қазақ пен түріктің бірлесе қорғану жайы да назардан тыс қалмағанын жазды. Түркияның Сириядағы түркі жұртына, Ливияға, Әзербайжанға, Украинаға соғыс кезінде қандай қамқорлық жасағанын халықаралық қауымдастық көріп, біліп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атажұрт болса, Анадолы екінші Отанымыз деп білетінімізді жеткізді.

— Бүгінде Түркия саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуда орасан табыстарға қол жеткізді. Өңірлік және жаһандық маңызы зор мәселелерді шешудегі белсенділігі мен табандылығы арқылы әлемдік сахнада лайықты орынға ие болды. Осы тұста қадірлі Реджеп мырза, қуатты Түркия елінің арманын арқалаған саясаткер ретінде еңбегіңіздің әрдайым жемісті болуына тілектеспін. Түркия – Қазақстанның Еуразия құрлығындағы ең маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі. Елдеріміз арасындағы ортақ тарих пен рухани мұраға негізделген қарым-қатынастарымыз бүгінде өрістеп, стратегиялық серіктестік деңгейінде ілгерілеп келеді. Қазақ халқының «Байлықтан артық достық бар, достықтан артық байлық жоқ» деген ұлағатты сөздері Сіздің шынайы досымыз, тілектес бауырымыз екеніңізді айшықтайды. Түркия – Қазақстанның негізгі 5 сауда серіктесінің бірі. Алыс-берісіміз жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылы 5 млрд долларға жеткен. Осы қарқынды азайтпай, сауда-саттықты 10 млрд долларға жеткізуіміз керек! Түркия Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының қатарында. Экономикамызға 4 млрд доллардан аса инвестиция құйды. Қазақстанның Түркияға салған капиталы 1 млрд доллардан асты. Соңғы 2 жылда Қазақстанда 16 инвестжоба жүзеге асырылды. Тағы 10 жаңа жоба пысықталып жатыр. Қазақстанда жасыл экономика, IT технология, ғарыш, өндіріс сияқты салалар толық игерілмеген. Сіздерді осы салаларда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Қ.Тоқаев.
Айтқандай, ол сапары аясында Түркияның ірі инвесторларымен кездесті. Оның қорытындысында жалпы сомасы 1 млрд доллар тұратын бірқатар коммерциялық келісімшартқа қол қойылды. Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін атап өтіп, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын жеткізді.
– Біз әріптестігімізді кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Түркия мен Қазақстан – ортақ тарих, тіл, дін, мәдени құндылықтардан қуат алған, мықты байланыс орнатқан бауырлас мемлекеттер. Түркия Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығына ерекше көңіл бөледі. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы күш-жігеріңіз бен табандылығыңызды құрметтеймін, – деді Р.Ердоған.
Келіссөз барысында өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және агроөнеркәсіп кешеніндегі бірлескен инвестжобаларды жүзеге асыру, көлік-транзиттік серіктестікті нығайту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалану мәселелері кең талқыланды. Цифрландыру және озық технологиялар, туризм және білім беру салаларындағы өзара ықпалдастық жолға қойылмақ. Түркияның жетекші техникалық университеттерінің филиалдары Қазақстанда ашылады деп күтілуде.
Сапар қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Реджеп Тайип Ердоған қазақ-түрік ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру үшін Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан мен Түркия Еуразия құрлығында бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса мән береді.
Сондай-ақ архив, БАҚ, білім беру, бірлесе кино түсіру, ауыл шаруашылығы, инновация және ақпараттық технологиялар, халықаралық жүк тасымалдары, қызмет көрсету, кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату, әскери барлау мен әскери ынтымақтастық және басқа салаларда өзара байланысты жаңа белеске көтеретін маңызды 14 келісім бекітілді. Батыстың санкциясы салдарынан Ресей аумағы арқылы транзит шектелді. Сондықтан екі ел Ресейді айналып өтетін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін толық пайдалануға келісті.

«ЖШ»-ақпарат