Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттеріндегі шектеу іс-шаралары туралы

Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында  COVID-19 коронавирус инфекциясының (бұдан әрі – COVID-19) әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 104-бабының 1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

  1. Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, денсаулық сақтау (қоғамдық денсаулық сақтау) басқармаларының басшылары, орталық мемлекеттік органдар, Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті осы қаулыға 1, 2 және 3-қосымшаларға сәйкес Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы темір жол, теңіз, өзен көлігіндегі және автомобиль өткізу жолдарындағы өткізу пункттерінде шектеу іс-шараларының жүргізілуін қамтамасыз етсін.

2. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, авиакомпаниялардың, темір жол әкімшіліктерінің және теңіз компанияларының басшылары:

1) Қазақстан Республикасына шетелден келген, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте нәтижесі берілген күннен бастап 72 сағат өтпеген ПТР әдісімен COVID-19-ға тестілеудің теріс нәтижесі бар (қазақ, орыс немесе ағылшан тілдерінде) анықтаманы (бұдан әрі – Анықтама) ұсынған жолаушыларды әуе кемесінің бортына,  темір жол құрамының жолаушылар вагонына және теңіз кемесіне отырғызуды қамтамасыз етсін.

Балаларды алып жүретін адамдарда Анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балалардан; Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларының мүшелерінен; авиакомпаниялар экипаждарынан; локомотив бригадаларынан, теңіз кемелерінің экипаждарынан және темір жол және теңіз көлігіндегі тасымалдау қызметімен байланысты адамдардан; Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен сәтте құжаттамалық растау ұсынған кезде Қазақстан Республикасында ревакцинация немесе егер екінші компонентті алғаннан кейін алты айдан аспайтын уақыт өткен болса, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған адамдардан; Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылған  COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы паспортты/сертификатты/анықтаманы ұсынған адамдардан Анықтама ұсыну талап етілмейді;

2) жол жүру құжаттарын сатып алу кезінде жолаушыда Анықтама немесе Қазақстан Республикасында ревакцинация немесе егер екінші компонентті алғаннан кейін алты айдан аспайтын уақыт өткен болса, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғанын құжаттамалық растауы,  Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылған  COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы паспортты/сертификатты/анықтамасы болуы туралы хабардар етуді;

3) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіндегі санитариялық-карантиндік пункттің маманына әуе және теңіз кемелерінің манифестті және бас декларацияны; Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен қиылысу пункттеріндегі Көліктегі Департамент аумақтық бөлімшесінің маманына темір жол құрамы жолаушыларының тізімдерін дереу тапсыруды қамтамасыз етсін.

Бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтарының жалпы саны, сондай-ақ вакцинациялау анықтамалары мен паспорттары бар жолаушылар саны бойынша бөліп көрсете отырып, темір жол құрамы жолаушыларының тізімдері (Т.А.Ә., тұрғылықты жері не болжамды тұратын жері, байланыс нөмірлері, ЖСН) ұсынылады.

3. Көлік департаменті, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері (бұдан әрі – аумақтық департаменттер), мемлекеттік кірістер органдарының құрылымдық бөлімшелері:

1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде шетелден келетін адамдарға санитариялық-карантиндік бақылауды жүргізуді;

2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу пункттерiнiң қызметкерлерiне COVID-19 профилактикасы мәселелері бойынша нұсқама жүргізуді;

3) аумақтық департаменттерге халықаралық әуе рейстерімен, теміржол көлігімен және теңіз кемелерімен Анықтамасыз (Көліктегі департамент) келетін жолаушылар жөнінде ақпарат жіберуді;

4) 72 сағат ішінде ПТР тестілеуден өтуі туралы хабарламаларды орындамаған кезде заңда көзделген жауапкершілікке тарта отырып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер аумағынан Анықтамасыз темір жол көлігімен келген адамдарды мониторингілеуді қамтамасыз етсін.  

4. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерді осы қаулымен таныстырсын.

5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының Туроператорлар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен бірлесіп:

1) Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелде демалысын ұйымдастыру кезінде Қазақстан Республикасына COVID-19-дың әкелінуіне жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылдасын;

2) туроператорларды Қазақстан Республикасына шетелден келетін адамдарға қойылатын талаптардың өзгергені туралы хабардар етсін.

6. Мыналардың:

1) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекциясы ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 13 қаңтардағы №3 қаулысының;

2) «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2022 жылғы 18 ақпандағы №11 қаулысының 5-тармағының күші жойылды деп саналсын.

7. Осы қаулының орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.

8. Осы қаулы 2022 жылғы 5 мамырда сағат 00-де күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының                                        

Бас мемлекеттік

санитариялық дәрігері                                                  А. Есмағамбетова

Қазақстан Республикасының

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің

2022 жылғы 29 cәуірдегі №21 қаулысына

1-қосымша

Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келетін адамдарға қатысты шектеу шаралары

1. Қазақстан Республикасына шетелден авиарейстермен келген барлық адамдар (Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын; авиакомпаниялар экипаждарын қоспағанда) термометриядан өтеді (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарын қоспағанда) және ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы (қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілінде) (бұдан әрі – Анықтама) ұсынуға міндетті. Анықтама ПТР зерттеу нәтижелерін беру кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан ерте емес уақытта алынған жағдайда жарамды болады.

Балаларды алып жүретін адамдарда Анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балалардан; Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларының мүшелерінен; авиакомпаниялар экипаждарынан; құжаттамалық растау ұсынған кезде Қазақстан Республикасында ревакцинация немесе егер екінші компонентті алғаннан кейін алты айдан аспайтын уақыт өткен болса, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған адамдардан; Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылған  COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы паспортты/сертификатты/анықтаманы ұсынған адамдардан Анықтама ұсыну талап етілмейді.

Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан, сондай-ақ Әзірбайжан Республикасының, Молдова Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республиканың аумағынан келетін адамдар Анықтаманы, оның ішінде  «COVID-19сыз саяхат» мобильді қосымшасын пайдалана отырып Анықтаманы ұсынады.

2. Дене қызуы жоғары адамдар, Анықтаманың болуына қарамастан,  инфекциялық стационарда оқшаулауға жатады.

Қазақстан Республикасының

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің

2022 жылғы 29 сәуірдегі № 21 қаулысына

2-қосымша

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы темір жол, теңіз, өзен көлігінде және автомобиль өткізу жолдарында өткізу пункттеріндегі шектеу шаралары

  1. Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы темір жол, теңіз, өзен көлігіндегі және автомобиль өткізу жолдарындағы  өткізу пункттерімен келген барлық адамдар (бұдан әрі – келген адамдар) (Қазақстан Республикасының үкіметтік делегацияларын; локомотив бригадаларының мүшелерін; темір жол, теңіз және өзен көлігінде тасымалдау қызметімен байланысты адамдарды қоспағанда) (Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтарын қоспағанда) ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтаманы (қазақ немесе орыс немесе ағылшын тілінде) (бұдан әрі – Анықтама) ұсынуға міндетті.

Анықтама ПТР әдісімен зерттеу нәтижелерін берген кезде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан ерте емес уақытта алынған жағдайда жарамды болады.

Балаларды алып жүретін адамдарда Анықтама болған кезде 5 жасқа дейінгі балалардан; Қазақстан Республикасының үкіметтік делегация мүшелерінен; локоматив бригадаларынан; темір жол, теңіз және өзен көлігінде тасымалдау қызметімен байланысты адамдардан; құжаттамалық растау ұсынған кезде Қазақстан Республикасында ревакцинация немесе егер екінші компонентті алғаннан кейін алты айдан аспайтын уақыт өткен болса, COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған адамдардан; Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында жарамды деп танылған  COVID-19-ға қарсы вакцинациялау туралы паспортты/сертификатты/анықтаманы ұсынған адамдардан Анықтама ұсыну талап етілмейді.

Қазақстан Республикасының аумағына Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағынан, сондай-ақ Әзірбайжан Республикасының, Молдова Республикасының, Тәжікстан Республикасының және Өзбекстан Республиканың аумағынан келетін адамдар Анықтаманы, оның ішінде «COVID-19сыз саяхат» мобильді қосымшасын пайдалана отырып Анықтаманы ұсынады.

2.  Дене қызуы жоғары болып келген адамдар, Анықтаманың болуына қарамастан,  инфекциялық стационарда оқшаулауға жатады.

Қазақстан Республикасының

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің

2022 жылғы 29 сәуірдегі № 21 қаулысына

3-қосымша

ПТР әдісімен COVID-19-ға міндетті зертханалық тексеруден өту туралы хабарлама

Елді мекен ________________                                   2022 жылғы «___» ______

Мен ______________________________________,   ЖСН: _________________,

                                                                  (Т.А.Ә. (бар болған кезде)

паспорт/жеке куәлігі № _________________, ҚР ІІМ/ӘМ  __ __ ____ жылы берілген, ____________________________ мекен-жайы бойынша тіркелгенмін,  нақты тұратын мекен-жай    ______________________________________________________________.

Мен тұрғылықты жерім бойынша 72 сағаттың ішінде COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтуге міндеттенемін. Мен жеке деректерді өңдеуге келісемін.

Дене қызуым көтерілген немесе ауру белгілері байқалған жағдайда шетелден келгенім туралы хабардар ете отырып, COVID-19 Call-орталығына дереу хабарласу немесе жедел жәрдем шақыру қажеттілігі туралы таныстым.

Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының өз құзыреті шегінде заңды талаптарын немесе қаулыларын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершіліктің бар екендігі туралы таныстым.

Сондай-ақ, 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабына сәйкес билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екендігі туралы таныстым.

Қолы _________________

Күні  ____________________