ӨНІМ БЕРГЕН ЖЕР СЫЙЛЫ

«Не ексең, соны орасың» демекші, жерге егілген дақыл таза әрі табиғи болса, алынған өнім мол табыс әкеледі. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлінуде. Мұның себебі шаруашылықтан алынған зат өңделіп, өнім алынады. Алынған өнім арқылы халық азық-түлікпен қамтылады.

Жер Ана өзінің өнімі арқылы халықты сан жылдар бойы қуаттандырып келеді. Мол өнім алу үшін не істеу керек? Жерге дәнді егіп, оны суару жеткіліксіз. Осы жеткіліксіз мәселенің астарын толығымен ашу мақсатында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының ұйымдастыруымен аудандық әкімшіліктің мәжіліс залында маңызы зор семинар өткізілді. Семинар барысында әкімшіліктің кіре берісінде халық назарына көрме ұсынылды. Бидай, қарақұмық, қызылша, тары, жүгері, қант қызылшасы, күріш дәндерінің бірнеше түрі, сонымен қатар шаруашылықтың қыр-сырын игеру мақсатында кітаптар мен журналдар көрмеге қойылды. Семинарға арнайы қонақ ретінде Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары Коюмчан Омаров, Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Ақшабай Керімбеков, КАЗНИИЗР ғылым мектебінің бас директоры, ауыл шаруашылығы саласының докторы Андрей Агеенко, «Жетісу» корпорациясының агротехнология жөніндегі кеңесшісі Абылхаир Бексұлтанов қатысты. Жиында аудан әкімі Бағлан Тәнекенов сөз бастап, жиынның регламентімен таныстырып, келген қонақтарға сөз кезегін берді.

Қант қызылшасы — бабы мен күтімі келіссе мол өнім беретін өсімтал дақыл. Мұны қызылша өсіруден мол тәжірибе жинақтаған шаруашылықтар жақсы біледі. Жиын барысында қызылша егуге қатысты көптеген тың мәселелер талқыланды. Абылхайыр Бексұлтанов қызылша егу мәселесіне кеңінен тоқталып, дайындаған презентациясынан қызылша түрлерін көрсетіп,  оны жинау жолдары жайлы сөз етті. Ол кісінің айтуынша дақылды егу үшін құнарлы жерді дайындап, оны баптап, зиянкестерге талатпай, мөлшерден тыс суармай, суарған кезде түс мезгілене дейінгі уақытта суарып қарау керек екен. Себілген өнім мол әрі сапалы түрде жиналу үшін тракторшы сегіз қырлы, бір сырлы болуға тиіс. Себебі тракторшы сапалы жұмыс істемесе, өнімді еккен адамның еңбегі далаға кетеді. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін шаруашылықтар сақадай сай болулары керек.

Шаруа қожалақтары семинарды жүргізушілерге толғандырған мәселелері бойынша сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды.

Шаруашылықтардың мамандары тәтті түбірді күтіп- баптаудың жолдары жайлы маңызды  ақпарат алып, өздеріне қажетті мәліметтерді қағазға түртіп алды.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ