Алғаусыз алғыс, ұлағатты ұстаздар!

Ұстаз деген сөз біз үшін қашанда қадірлі, қасиетті саналады. Небір данышпан да, қарапайым еңбек адамы да осы ұстаз алдынан өтеді. Ұстаз – шәкірттерін білім нәрімен сусындататын адам. Ұстаз болу — екінің бірінің қолынан келмес, әрі аса үлкен жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Себебі, ол жас түлектердің болашағына жауапты. Бала өмірге қадам жасаған сәтте оның жолында небір қиындықтар кездеседі, сол кезде өзінің тәжірибесімен бөлісетін адам сол баланың өмірінде өшпес із қалдырады.
Сондай ұлағатты ұстаздардың көшбасында – Раушан Білісбекқызы Мейірбекова тұр десек, артық айтпағандық. Шымыр ауылындағы М.Мәметова атындағы орта мектептің директоры, «ұстаздардың ұстазы» болып отырған Раушан Білісбекқызы айналасына білім нәрін сеуіп қана қоймай, тәлім-тәрбие беретін тәжірибе жинақтайды, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіндейді. Түйгенін ой елегінен өткізіп, таразының екі басына салып саралайды, қорытындылайды. 

Тәрбиенің негізгі алтын діңгегі — ол ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген — ұлттық тәрбие тағылымын дәріптейді. Сондай ерекше қабілет пен қасиетті оқушылар мен мектептің жас мамандарына үйретеді. Бүгінгі қоғамды ертең алға сүйрейтін озық ойлы адам және жаңашыл педагог мамандарды тәрбиелеуші, өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаушы. Р.Білісбекқызының жанына нағыз өз саласының майталмандары жиылған.

 Мәселен, -директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Ғазизқызы Таженова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Еркінбек Ұлдаханұлы Тазабеков, Мадина Асқарқызы Бектенова, директордың әдістеме жөніндегі орынбасары Айжан Асылханқызы Асанова, әлеуметтік педагог Алтынай Тілеубайқызы Қасымбаева, мектеп психологтары Назым Тұрарбекқызы Досжанова, Гулвира Чкалқызы Магитаева, ұйымдастырушы педагог Жанар Монақызы Жандилдинова, жас мамандардың жетекшісі Гүлзайран Амангелдіқызы Орынтаева сынды қарымды да қабілетті ұстаздар қауымы үнемі жас мамандарға білгенін үйретіп, тәлімін тәжірибемен ұштастырып үйретіп отырады.

«Қазақтың тағдыры, келешегі мол ел болуы да мектептің қандай негізге құрылуына тіреледі. Мектебімізді сау, берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» — деп ұлы педагог М. Жұмабаев айтқандай, әрдайым жас мамандарға қолдау білдіретін Р.Білісбекқызы бастаған, білікті мамандар қостаған ұжымға алғаусыз алғыс білдіреміз.

 М.Мәметова атындағы мектеп ұжымы үнемі білім бәсекесінде оқ бойы озық болып, биік белестерді бағындырсын.
                                                                   Құрметпен,
                                                                   Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептің жас мамандары