Келелі мәселелер шешімін табады

Жуырда Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев ауданға жұмыс сапарымен келіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуді аудандық мәслихат хатшысы Қанат Сатанов ұйымдастырды. Келелі жиында аудан жұртшылығы мінберде қоғамдық маңызы бар мәселелер мен толғандырған проблемаларды баяндады. Аудан әкімдігінің ғиамаратында өткен кездесуге 9 тұрғын ауылдық округтердегі мәселелерді арқалай келіпті. Атап айтсақ Сырымбет ауылдық округінің тұрғыны, ақсақалдар алқасының және ауыл тұрғындарының атынан келген Халық Қасенов ағын су тапшылығын таразылады.
— Ауыл тұрмысы егінге негізделген. Соңғы екі жылда егін егу қиындай түсті. Себебі егін еккенмен, су тапшы. Ал ауыл халқы егінсіз отыруы мүмкін емес. Бұл мәселе бұрын да қозғалған. 2019 жылы мердігер мекеме жаңғырту жұмыстарын бастап, бірақ аяқсыз қалдырды. Сол істі аяғына дейін жеткізіп, 7 шақырым арыққа лоток қойып берулеріңізді сұраймын, — деді ауыл тұрғыны.
Облыстық мәслихат хатшысы ауыл әкіміне және аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысына ағын су жүйесін жоспарлаған мердігерлік компанияның жұмысын саралауды тапсырды. Басты міндет – халыққа бар жағдайды жасау. Мәслихат хатшысы екі жылдан бері Жетісу өңірінде ағын су тапшылығы айқын байқалғанын, соған қарамастан өңір шаруалары еселі еңбек етіп, мол өнімге қол жеткізгенін баяндады. Су тапшылығын болдырмас үшін ағын су жүйелерін ретке келтіру бағытында ауқымды шаруа бар. Бірақ, сондай маңызды жұмыстарда олқылықтар болмауын нығырлай тапсырды. Ауылдардағы өзекті мәселенің көбі ұялы байланыстың жоқтығы, интернеттің әлсіздігі және газ жүргізу. Ұялы байланыс мәселесін шешуді Абай ауылының тұрғыны Азамат Уәлиев, Қайнарлы ауылдық округінің тұрғыны Оксана Петровна да өтінді. 21-ғасырда интернетсіз жұмыс істеу де, күн көру де мүмкін емесін айтып шағымданған Байысов ауылының тұрғыны Наталья Изатулина да жағымды жауап ала алды. Абай, Байысов, Шымыр ауылының тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақ газ жүргізу болды.
-Ұялы байланыс мәселесін жауапты адамдарға табыстаймын. Арнайы комиссия құрылып, тексеріп, тиісті шараны іске асырады. Газ жүргізуге келетін болсақ, Байысов, Шымыр ауылдарына 2022 жылы газ жүргізіледі. Ал Абай ауылының жобалық-сметалық құжаттары бірінші жарты жылдықта дайындап үлгерсе, екінші жартыжылдықта жұмыс басталып кетуі әбден мүмкін, — деді Жанболат Жөргенбаев.
Сөзін аудандағы жұмыссыздық мәселесімен бастаған Қарабұлақ ауылының тұрғыны Наталья Орлова көшелерді жарықтандыру, ауыл ішіндегі көшелердің жөндеуге мұқтаждығымен жіпке тізгендей баяндады.
-Жұмыспен қамту мәселесі қазір қай өңір болсын өзекті. Облыс көлемінде бұл сұрақты көтереміз және мәселе шешілгенше қажырлы еңбек етеміз. Ал жарықтандыру мәселесін шешу қиын емес. Облыстық тас жолдың бойында тұрған Шымыр ауылының аялдамасын да, қараңғы көшелерді де жарықтандыру жайын аудан әкімдігі жүйелі шешеді деген ойдамын,-деді облыстық мәслихат хатшысы.
Жер мәселесі де, жабылып қалған бизнес нысан иелерінің жағдайы да май шаммен қаралатынын жеткізді облыстық мәслихаттың хатшысы. Келелі кездесуде көтерілген әр мәселе таяу арада оң шешімін табады деген үміт бар.
Арай Нұржанқызы