Ұстаз үйрету арқылы үйренетін маман

Ұстаз болуды балалық шағымнан армандадым. Қиындығы мен қызығы бірге жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтан өтетінімді де топшыладым. Қиын дейтінім: Новатор педагог Ш.Амонашвилише айтсақ, әр сабағың шәкірт үшін күн, достық, қуаныш, шығармашылық, еңбек, ойын мен өмірдің өзі екенін алдымен өзің жете түсінуің ауадай қажет тұжырым . Балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту ұстаздан нағыз шеберлікті қажет етеді. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық шақтар. Қанша жыл тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін» деп айтуға болмайтынын ұстаздар қауымы жақсы түсінеді.

Жаңартылған білім бағдарламасы қай пәннің мұғалімі болмасын, уақыт талабына сай болу үшін үлкен ізденістердің талап ететіні белгілі. Кез келген  мемлекеттің өркендеуі оның білім беру саласының жағдайына негізделеді десек,  білім беру үрдісіндегі  маңызды тұлға – ұстаз тұлғасы болмақ. Оның үстіне бүкіләлемдік тәжірибе көрсеткендей, адам құндылықтары заман талабына сай қарыштай түсуде. Осы ретте Қазақстандық мұғалімдер қауымы сындарлы оқытудың әдіс-тәсілдерін деңгейлік, жаңартылған білім мазмұны курстарынан өту барысында  меңгеруге бет бұрды. Білім беру саласы қызметкерлері әлі де өздігінен білім алу арқылы кәсіби құзіреттілігін дамытудан тайған емес. Өздігінен білім жетілдіруде педагог мақсат-міндеттерді өзі анықтайды да, білім алу құралдарын іздестіреді, өз-өзіне мұғалім болып, өзін-өзі білімге жетелейді. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек.Өмір бір орнында тұрмайтын сияқты, ұстаз атаулының бәрі үнемі алға жылжып отыруы керек деп ойлаймын. Сонда ғана кішкентай шәкірттеріміздің алдында, қоғам алдында ұстаздық мәртебеміздің көтерілуіне еш күмәніміз болмас еді.

Тілге тиек болған кәсіби жағынан шыңдалған іс-әрекеттерге қалай жетуге болады деген сұраққа жауап іздесем… Рим философы Сенека Луций Аннейдің «Басқаларды үйрете жүріп, біз өзіміз де үйренеміз» — деген өсиет сөзіне сәйкес келеді. Шынында да кез келген педагог сыни ойлай алатын, жаңалыққа жаны құмар әріптестерімен бірігіп, шешім қабылдап, іс-әрекеттер жасайды, білгенімен бөліседі, тәжірибесін көрсетеді. Өйткені, бірлескен оқу, бірлескен іс әрекет соңғы нәтижеге немесе мақсатқа жетуге ықпал болатын әрекеттер құрылымы екенін жақсы түсінеміз.

«Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында, жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында» демекші, өскелең ұрпақты дамыта отырып оқыта білетін, жалпыадамзаттық құндылықтарды бар асылдан биік қоятын мәртебелі ұстаздар тәрбиелесе, ел ертеңі де жарқын болары сөзсіз.

Кеншідейін тереңде жатқан білім мен ғылымның жемісінің дәмін алдындағы білім алушысына таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі ретінде танылған ұстаздардың мәртебесі ешқашан төмендемесін.

Айгерім Калиекова

М.Маметова атындағы орта мектептің мұғалімі