2025 жылы Алматы облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 5,7 трлн.теңгеге жетеді

Жетісу жерінде өткен жылы өнеркәсіптің 45 жаңа нысаны пайдалануға берілді, жұмыс істеп тұрған 24 кәсіпорын кеңейтілді, қосымша 1758 жұмыс орны құрылды. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов мәлімдеді.
Сиыр жылын өңір халқы молшылықпен аяқтады. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың арқасында, пандемияға қарамастан облыс экономикасының негізгі салаларында оң динамика сақталып, жаңа жұмыс орындары құрылып, бірнеше ірі нысандар іске қосылды.
2021 жылы индустриялық-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 18,7 млрд. теңгеге 5 объекті іске қосылды. Аймақ әлеуетін арттыруда маңызды рөл атақаратын нысандардың бірі- қуаты жылына 100 млн. литр алкогольсіз сусындар шығаратын «Pure Pack» зауыты, сондай-ақ, 200 мың газ плиталарын құрастыратын «ТҰРМЫСТЫҚ ТЕХНИКА ЗАУЫТЫ» өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосты. Шелек дәлізіндегі «Нұрлы» жел электр станциясының 2-ші кезегі мен 3 мың тонна «Якар» кондитерлік бұйымдар өндіру желісі және Шажа өзенінде қуаты 25,8 МВт ГЭС-2-де өз кезегінде ірі жобалардың қатарынан табылып отыр. Осы ретте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының өңірдің өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтпасқа болмас. Аталған бағдарлама аясында 2021 жылы 135,2 млрд.теңгеге 220 жоба мақұлданды. Бұл да өткен жылдағы жетістіктердің бірі. Ал, 2022 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемін 3 пайыз өсіммен 1 трлн. 563,9 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған.
Баспасөз-мәслихаты барысында Жомарт Амангелдіұлы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға басқарма тарапынан басым назар аударылғандығы туралы тілге тиек етті.
Спикердің айтуынша, бағаның өсуін тежеу үшін 5,7 млрд.теңге, оның ішінде айналымдық схема бойынша 4,6 млрд.теңге және тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 1,1 млрд. теңге бөлінген.
Облыстың тіршілік тамырына нәр жүргізетін басты құрал-инвестиция. Мәселен, 2021 жылы 728 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда облыстың инвестициялық портфелі 40 мың жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 5,5 трлн. теңге болатын 612 жобаны қамтиды. 2021 жылы 1,9 мың жұмыс орнын құрумен 45,9 млрд.теңгеге 45 жоба іске асырылды. Биылғы жылға облыс экономикасына 761 млрд.теңге инвестиция тарту көзделген.
Өз сөзінде Жомарт Әмірханов құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7% — ға ұлғайып, бір млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілгендігін атап өтті. Ал ағымдағы жылы облыс бойынша 1048,4 шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа өткізу көзделген. Сәйкесінше, биыл бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 3 836 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
Жетісудың жылды жемісті аяқтауына «Ауыл – ел бесігі» жобасының қосқан үлесі зор. Өйткені, былтыр 29 ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 16 млрд.теңгеге 34 жоба іске асырылды. 2022 жылы бұл көрсеткіш еселенбек. Нәтижесінде, 36 ауылдық елді мекенде 16,2 млрд.теңгеге 41 жоба жүзеге асырылады.
«Экономикадағы тұрақты өсу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге (4,8%) мүмкіндік берді. 2021 жылы барлығы 54,8 мың жұмыс орны құрылды, оның 30 мыңы — тұрақты. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2021 жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 32,2 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қамтылды»,-деді Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов.
Облыстың білім беру саласыда жылды табысты қорытындылаған. 2021 жылы 7600 орындық 15 мектеп, оның ішінде жеті жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 4350 орынға 6 мектеп үш ауысымда оқытылатын білім ошақтарының санын азайтпаққа бой көтерді. Сонымен қатар, 137 мектеп жаңғыртылып, 20 білім беру нысаны жөнделді.
Алдағы таңда Даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде облыстың әлеуетін арттыру қамтамасыз етіледі, экономиканың жыл сайынғы өсуі 3-4 пайызды, ал 2025 жылы 5%-ды құрап, жалпы өңірлік өнім 5,7 трлн. теңгеден асатын болады.