КӨКСУ АУДАНЫНДА ЖАҢА ӘДІСПЕН ҚҰЛПЫНАЙ ӨСІРІЛЕ БАСТАДЫ

Соңғы жылдары өңірде жылыжай салып, көкөніс өсіруге деген ұмтылыс ұлғайып келеді. Базар сөрелері жергілікті өнім есебінен толықтырылса, жергілікті жерде жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Жидек өнімдерімен аудан халқын қамтамасыз ету үшін биыл алғаш рет 0,25 га жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. Онда ғылым мен техникалық жетістіктерді қолдану арқылы оңтүстік кореялық «Сольхян» сұрыпы егілген.
Ауданы 2 гектарды құрайтын «КазАгроСервис» ЖШС Светлана Зубович құрған. Кәсіпкер келіншек 2014 жылдан жылыжай ісімен айналысады. Көк жуа, гүлдің сан-алуан түрін өсірумен бастаған кәсіпкер, биыл алғаш рет жаңа әдіспен жылыжайға құлпынай егіп отыр. Жылыжайға қажетті қондырғыларды «Жетінар» кредиттік коорпорациясы арқылы орнатқан. Маусымдық жұмыстар кезінде 10-ға жуық адамды, тұрақты жұмыспен 2 адамды қамтып отыр. Тұтынушысы мол Талдықорған қаласы іргеде. Жылыжай салынған Балпық ауылы облыс орталығынан атшаптырым жерде. Қызарып піскен құлпынай иісі мұрын жарады. Кореялық тұқым қыстық сорт. Желтоқсан айынан мамыр айына дейін өнім береді. Қыс айында көкөністер өспейтіндіктен тәтті шырынға сұраныс жоғары.
«Биыл алғашқы өнім болғандықтан 700 кг құлпынай алуды жоспарлап отырмыз. Құлпынай өзге көкөністер секілді қатты жылуды талап етпейді. Бар болғаны 5-6 градус жылыда өсіп шығады. Ал қыстың күнгі аяздарда 10-15 градус жылы болса жеткілікті. Құлпынайдың үлкендері 50-55 граммға жетеді. Өңірдегі бірден-бір құлпынай өсіретін жылыжай болғандықтан сұраныс жоғары болады деп ойлап отырмыз. Алдағы уақытта өнімді арттыруға жұмыс жасаймыз. Дегенмен мол өнім алу үшін жылыжайда көгілдір отынға ауыстыру қажет. Қолбайлау болып отырған жалғыз жай –осы ғана. Аудан әкімдігі қолұшын беруге уәде етті»,-деді Светлана. Алдағы уақытта көгілдір отын тартылса, жылыжай ауқымы да кеңейтіліп, қияр мен қызанақ өсіріліп, жаңа жұмыс орындарын ашылмақ.
«Негізінен ауданда құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбінесе импорттық құлпынайлар сауда сөрелерінен табылады.Жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыруды мақсат етіп отырмыз. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы аудан халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артады. Жоба сәтті жүзеге асатын болса, жаңа технология өзге де елді мекендердегі фермерлік шаруашылықтарында енгізілетін болады»,- дейді аудан әкімінің орынбасары Ұлан Досымбеков.
Көксу ауданының баспасөз қызметі