Алыс-беріс-пиғыл теріс

Жұмыр заман. Бұлдыр қоғам. Жылтыр ұран. Біздің қазіргі тыныс-тіршілігіміз, міне осы. Жұтынып тұрған жаһандану дәуірінің аранында кетпеу үшін бізге не керек? Былай қарағанда алты Алаштың баласына керектінің бәрі бар. Жер бар. Отан бар. Жұмыс бар Һәм нәпақа бар. Сөйте тұра, қоғамды аздыратын кейбір қарекеттерді өршітіп жүрміз. Оған не себеп? Не түрткі? Біздің айтпағымыз ойыңызды сан саққа сүйреп тұрған болар. Автор не жазып жатыр? Не айтып жатыр деп дүдамал ойға қалып та тұрған шығарсыз. Мидың мың қатпарынан шығып көкейдегі пайым мен парасат үн қосып, қағаз бетіне түскен шатпағымыз, қоғам дерті жайында. Қоғамның жегі құрты жайында. Сыбайлас жемқорлық сонау антикалық дәуірден бері жанталаса жармаса жұмыр бастымен бірге жасасып келеді. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ бұл жегі құрт өзінің әуелгі миссиясынан айныған емес. Миссиясы қоғамда тепе-теңдікті бұзу, барды-барға, сайды-сайға итермелеу. Адамзат баласы қалыптастырған ұлы заңдардың жүзеге асуына кедергі келтіру, адаммен адамның қарым-қатынасына сызат түсіру, тағы да басқалар.
Жалпы қазақ елінің кеңдігін мысалға алып көріңізші, елестетіңіз. Аумағы бүгінгі зәулім сарайлардың дәлізіндей ғана болатын киіз үйлеріне ақты да, қараны да, құдайы қонағын да сыйдырып, аста-төк дастарханын жайып, қоштасарда жылтыраған ақ күмісі мен сүрленген қара кесек етін бірге ұстатып жіберетін. Айтпақшы, келген қонақ та құр қол емес қой. Сый-сияпатын міндетті түрде асынып келетұғын. Енді қараңыз, егер сол үйдің бүлдіршіні саналы ұрпақ болса, алыс-берістің жақсы жағына үңіледі. Ал егер тұқымы сый-сияпаттың тізгінін ұстап өскен бала болса, бұл алыс-беріс оған кері әсер ететіні айдан анық. Ертең ол бала «алаған қолым береген» емес, «алаған қолым алаған»- деп тұрса таң қалмаңыз. Ал тарих не дейді? Өткен ғасырдың еншісінде кеткен оқиғаларды сұқтана оқи бастасаңыз таныс тіркестерге тіреле кетесіз. Ауылнай немесе аға сұлтан болу үшін бабаларымыз отар-отар қой айдап, кімге айдағаны бесенеден белгілі, сайлау сайын шығындалғаны жайлы деректер жетерлік. Журналист дәйексіз сөйлемейді десеңіз, алысқа бармай-ақ Абай атамыздың «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап» деген өлең жолдарына мән беріңізші. Бүгінгі күннен айырмашылығы бар ма? Иә, ол кезде ешкім «биені бүгімен, түйені түгімен» ауыз апанына аттандырған жоқ. Сөз төркіні тарихты талқылау емес, бүгінгі ісіміздің кешесіне үңілу. Кешегі күнге көз салып, дүрбімізді қанша зорайтсақ та тарих осымен тәмам. Ертеңгі күнге елеңдегеніміз ең дұрыс шешім. Біздің ертеңіміз-жастар. Қазақ жастарының 63 пайызы шенеунік, әкім, депутат болғысы келе¬тіні елімізде жүргізілген әлеуметтік зерт¬¬теулер нәтижесінде дәлелденді. Өйткені, ел жастары жұртты аузына қаратқан ауқатты бай болудың төте жолы – мемлекеттік қызмет деп ұғады екен. Маманға барып кеңес алды дейсіз бе? Ол бала күнінен естіп, көрген дүниенің түйіні. Түйін демекші, кешегі бүлдіршін, бүгінгі жасөспірім қандай ой түйіпті? Саралап, ара жігін ажыратып көрейік. Бүгін кез келген адамның, яғни жас маманның карьералық тұрғыдан өсуі, жоғары сатыға көтерілуі тек қана өзінің білікті маман екенін дәлелдеген сәттен мемлекеттік қызметтің аясында қалыптасып отыр. Тағы бір жайт, еліміздегі кез келген өндірістік салаға жас маман бара алмайды. Себебі әр өндірістік сала біреудің жекеменшігі екені белгілі, меншік болған соң ол жерде басшының інісі, көршісі, «иті-биті» бастық. Ең бастысы біреудің бизнесіне барып басшы болу, бөтеннің үйіне барып «отаға» болумен тең. Сол себепті, әрбір жас буын мемлекеттік органдарды таңдайды. Өсу тез, өну жылдам, киім таза. Әрине, жастардың мінсіз мақсаты мен айнымас арманына қарсылық білдіруге болмас, дегенмен, осындай жалындаған, энергияға толы жастарымызды қоғамның жегі құрты – жемқорлықтың жез тырнағы тырнай кетпесе екен, аузын ашқан арыстанның жемтігіне айналмаса екен дейсің. Жә, ақтара берсең әңгіменің шегі көрінбес. Қанша ақтарғанмен ақ түйенің қарны жарылмайтыны анық. Сөзімді қорытындыласам және осы шыбын жаным шырылдап жазған бес ауыз сөзімді жас буын оқыса екен деймін. Әсіресе, қорытынды сөзге мән берші, жас дос. Мүмкін ойыңды өзгертерсің, ал ойың өміріңді өзгертетіні сөзсіз.
Жастар¬дың ақ жейде, қара шалбар киіп, сырғи кететін қара креслоға ұмтылуын– парақорлыққа құмарту деп ұғынған жөн-ақ . «Диплом деген көк қағазды сандыққа салар сәтте не мақсатпен ғұмырыңның 4-5 жылын белгілі бір салаға сарп еттің» деген сұрақ әр жас буынның шекесіне нық ор¬на¬лас¬қаны жөн. Егер білімің мен білігің жетіп тұрса, сенімің мен талабың тасып жатса неге ұшқыр қиялыңды «пара беру» ойымен ластайсың, жас дос? Ертең ұйқыдан оянған сәтіңде бесікте жатқан сәбиің аяғын басады, басып қана қоймай «бақша,мектеп» деп Алпамыстай айлап өседі. Мақұлдаған күйі жұмысыңды жеңілдету үшін пара беру арқылы шаруаны шешу жолын емес, әріп жазуға дағдыланам деген қолын үйрет. Үмітіңді үкілететін балаң ертең сенің берген тәрбиеңнің арқасында «темір торда» емес «темір жорға» мінсін десең, бүгіннен баста! Өзіңнен баста! Арман-мақсатыңа ақша араласпасын. Сонда ғана жемқорлықтың тамырына түпкілікті балта шабу жол¬дарын қарапайым қара етікпен басып озасың.
Арай Нұржанқызы «Жетісу Шұғыласы»