Алматы облысында 2,2 млн. тұрғын санақтан өтті

Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында жалпы ұлттық халық санағы өткізілуде. Санаулы күндерден кейін аса маңызға ие науқан өз мәресіне жетпек. Бүгінгі күні Алматы облысында 2,2 млн. тұрғын санақтан өткен. Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихатында мәлім болды.

Қыркүйектің басынан қазанның 15-інші жұлдызында халық санағы «Sanaq.gov.kz», «egov.kz», сайттары мен «Aitu» қосымшасында өтті. Жалпы онлайн санаққа жетісулық 806,2 мың тұрғын қатысты. Ал, офлайн сауалнамаға 1 млн. 380,7 мың адам қатысты.
«Санақ жүргізу үшін барлығы 2978 адам қамтылды. Олардың барлығы вирксқа қарсы вакцина алғандар болып табылады. Халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 429 баннер орналастырылып, 36,9 мың үнпарақ таратылды. Облыстағы халықтың саны 2 млн. 95,3 мыңды құрайды. Олардың 2,2 млн. санаққа қатысты»,-дейді Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Жомарт Әмірханов.

Айта кетейік, санақты өткізуде Талғар ауданы 127% -бен көш басында тұр. Ал, 123% көрсеткішпен екінші орында Іле, 111 пайыздық шкаламен Қарсай ауданы үшінші орынды түйіндеуде.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Алматы облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаменті басшысының орынбасары Марат Бөкеновтің айтуынша, Талдықорған, Қапшағай және Текелі қалалары тұрғындарының санаққа қатысу белсенділігі төмен.