Алматы облысында бірегей экспозициялары бар мұражай ашылды

Алакөл ауданының Лепсі ауылында Лепсі тарихи-өлкетану музейінің салтанатты ашылуы өтті.

Жетісудың бұл аймағы тарихи және мәдени мұраға бай екені белгілі. Алдағы уақытта Алакөл көліне келетін туристер шипалы судың емдік қасиетімен қатар, өңірдің тарихымен де таныса алатын болады. Бір кездері жергілікті мектеп кабинетінде орналасқан құнды тарихи экспонаттар бүгінгі күні кең мұражай залдарына орналастырылды.

Лепсі тарихи-өлкетану мұражайы танымал меценат, жеке кәсіпкер Бауыржан Оспановтың қолдауымен құрылды. Мұражай ішіне 800-ден астам экспонат жиналып, сақтаулы. Музей іргетасының қалануына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, белгілі меценат, Бауыржан Оспанов және жергілікті тарихшы, өлкетанушы Мұхаррам Хайбуллин өзіндік үлестерін қосты.

Бүгінгі таңда мұражайда 781 экспонат бар. Тарихи-өлкетану мұражайында өлкенің ежелгі тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен шығармашылығы ұсынылған. Сондай-ақ, мұнда Кеңес Одағы, азаматтық және Ұлы Отан соғысы кезіндегі экспонаттары сақталған. Олардың барлығы 30 жыл бойы жергілікті тұрғындардың күшімен жиналынған.

«Лепсі ауылы Қазақстан тарихында, әсіресе Жетісу өлкесінде маңызды рөл атқарды. Бұл аймақта жыл сайын ағылып келетін туристердің қызығушылығын оятатын ерекше орындар баршылық. Мұражайға келген әрбір демалушы Лепсі ауылының тарихынан сыр шертіп қана қоймай, еліміздің әртүрлі кезеңдегі геосаяси жағдайы туралы қызықты мәліметтерден хабардар бола алады. Алдағы уақытта мұражай Лепсі ауылының одан әрі шарықтап, дамуына өзіндік үлесін қосады деп үміттенеміз» — деді, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

Мұражайдың ең алғашқы экспонаты — «Түрік обатасы». VI-VIII ғасырдың аралығын қамтитын таңбалы тас Лепсі аймағының жанынан табылған деседі. Сонымен қатар, Алаш полкі сарбаздарының киімдері еліміздің ешбір мұражайында кездесе бермейтін теңдесі жоқ экспонаттардың бірі екені анық.