Құрметті достар!
1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 1 қазан «Халықаралық қарттар күні» деп жариялады. Содан бері жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарияларға қамқорлық, жақсылық пен мейірім» айлығы акциясына ұласып келеді.Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген. Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Мемлекет оларға көрсетілетін көмек көлемін, тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес.
Зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерлерін көбейтуге байланысты қабылданған шаралар Қазақстанды- ТМД елдерінің арасындағы жоғарғы зейнетақы төлеу деңгейіне көтерді. Дегенмен, елімізде әлі де болса әлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар да бар. Әлемді жайлаған пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бүкіл әлем күрделі әрі маңызды кезеңді бастан өткізуде.
Жасы ұлғайған шағында кейбір қариялар жылулық пен мейірімге, көмекке зәру. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», бір жұдырықтай жұмыла қимылдап елдігімізді көрсетейік. Ардагерлерімізді ардақтап, оларды қашанда, қамқорлық аясынан тыс қалдырмау, Елбасының сөзімен айтқанда, «Қарияларымыз-халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы».
Барлық қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін, жүрегі жомарт ізгі ниетті барлық адамдарды аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұмытпауға, ардагерлерімізге деген қамқорлыққа, қолдауға шақырамыз!
Ол үшін өздеріңіз тұратын өңірдегі жергілікті әкімдіктермен, ардагерлер ұйымдарымен байланыста, көмекке зәру, егде адамдарға мейіріммен, материалдық және моральдық жағынан көмек беруге өз үлестеріңізді қосады деп сенеміз.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің
Орталық кеңесі