Кімнен кембіз?

Біз осы кімнен кембіз? Кемдігіміз қайсы? Дүниеге келгенде кім-кімнен кем болыпты? Тең болмаса, кем болмапты, болмайды да! Ал бүгінгі кемдігімізге не түрткі? Қайсы себеп?
Себеп жетерлік! Бізде анау жоқ, мынау жоқ! Бізге үнемі жетпейді. Бізге бəрі керек! Керек емес дүние бар ма? Тағы да жоқ.
Бізде қазір бір артықшылық бар. Басбармаққа жанай біткен алтыншы саусақ тірлікке қаншалықты икемі жоқ, қаншалықты мəні жоқ болса, біздің бұл артықшылығымыздың соншалықты мағынасы жоқ. Тек бар əйтеуір. Заңғойлық, даукестік, өзімбілемдік, өзімшілдік, басынан сөз асырмаушылық, тағысын тағылар. Бұл əлгі біз айтып отырған артықшылық – менмендіктің балалары. Одан тараған ұрпақ тіптен көп. Жамандық дегенің тілге құрсау, ашуға тұсау, менмендікке құрық салмағанда көбейеді емес пе? Ал бұлар күн санап тұқымы көгеріп, іргесі жайланып келеді! Оған не себеп деріңіз бар ма? «Өз күніңді өзің көр» деген саясат сеп. Содан шықты жұтынып тұрған жұмыр заманда елдің қамын ойлар абыздар қораның, жұрттың сөзін сөйлер ақсақалдар қалтаның қамын ойлап. Сенбейсіз бе? Кешегі «Тірі тұрсам қазақ халқына қызмет етпей қоймаспын» деген əз-Əлихандай ерлер бар ма қазір? Əз деуіме оның тірлігі, оның ғұмырлық мақсаты қазақтың ертеңіне байлаулы болуы себеп. Қазіргінің атқамінерлеріндей қора-қора мал ұстамай, пора-пора ақша жимай ұлтым деп жүріпті əз ерлерім.
Қазір тырнақ астынан кір іздегенді, біреуді сынап-мінегенді ел азаматы, ұлт жанашыры деп біледі. Сын болғанда қандай сын? Мақтамаса болды бізге. Сонда қазақ бір-бірін сынай беру керек пе? Біздің сол сыншылдығымыз қай кезде оңдырыпты? Абайдың айтқанына сын көзбен қарап сабаған кім? Мына біз! Кешегі Алаш арыстарын ұстап, жүз мыңдаған оқығанымызды сынап, халық жауы еткен кім? Мына біз! Сенбейсіз бе? Сталинге «пəленбай қазақты, түгенбай Алашты атуға рұқсат беріңіз» депті Мырзажан деп жүрген Мирзоян. Осынша қазақты атуға ұлықсат сұрапты. Бір жапырақ қағазға қол қойылғасын қазақ қазақты ұстап беруге көшті. Сол баяғы іштарлық бауырды да ұстатып жіберуге итермеледі. Алаштың «қараңғы көкте күн болмақтары» өз қолымыздан шейіт болды. Əйтпесе Сталин қазақ даласына келмек түгілі, көрмекке де ниеті болмапты.
«Біріңді қазақ – бірің дос, көрмесең істің бəрі бос» дейді һəкім Абай. Құнанбайдың баласы менмендік пен оның ұрпағын жойып, «Әр қазақ менің жалғызым» деп өмір сүруге итермелейді. Бірлік бар деп отыра да беруге болмас, отызға, қырыққа келсек те ата-анамыздың иініне мініп отыруды доғару керек. Жас келді ме, жанталас. Тырмыс. Бізге керектіні біз өзіміз алмасақ, өзге біреу əпермейді. Нарықтың заңы – құладым деме, өмір сүр, тіршіліктің ебін біл. Біз сонда көркейеміз, сонда өсеміз. Ал онда замандас, құр күңкілден арылып бірлікпен, тірлікпен қарекет етейік! Сонда ғана ешкімнен кем түспейміз!
Д.Кемеңгер