Жаһандану дәуірінің дәурені жүріп тұр. Бәрімен жағаласып бағудамыз. Ерігуге де, зерігуге де, ермек болуға да, ерлік қылуға да уақыт жоқ. Батыстың балағына, шығыстың шынтағына жармасып, әлемдік жарыстың соңында келеміз. Мақсат – бірінші болу. Есі барлар шығынды ойлап, шіреніп жүруден безінуде, ақылсыздар бірінші болуға ұмтылып, көріну үшін көсілуде. Әлемді аузына қаратқандар қазір шау тартып отыр. Қол жаюдың аз-ақ алдында. Ал, біз балалық дәуреннен өтіп, өтпелі (переходной возраст) кезеңдеміз. Еліктейміз. Үйренеміз. Айнала емініп отырғандар. Алдайды, арбайды. Қолпаштап, қолдау жасағансып, қамқоршының рөлін сомдайды. Ру да, тіл де, дін де, діл де ыңқыл-сыңқылымыз болса да, құшақ ашқанға баладай ұмтыламыз. Талайдың біз үшін ындыны құрып отырғаны шамалы. Жұтынып тұрып, жұтып қоюға бар. Ал біздің санамызда әлі тұман. “Оқығанның бәрі зиялы емес” деп еді бір ағамыз. Рас-ау. Өтірік айту деген аурудың асқынған тұсында тұрмыз. Оқығандардың өзі “өтіріктің арты бір тұтам” дегенді біле тұра, әлемді жалпағынан басқан жалғанның шындыққа айналуына сеп болуда. Секем алған біз жоқ. Серкелер көп. Топ алдында сумұрын болса да сөз сөйлейді. Серкенің соңына ерген момын қойдай қазақтың басына қанша рет бұлт үйірілді? Ешкіні шайтанға балайтын ел, серкенің ешкі тұқымы екенін біле ме екен? Бұл ауқымды мәселе. Оны айтып ми ашытпаймыз. Шет пұшпағын қаузаймыз.
«Орақ ұстап әкең қалғанша, оймақ ұстап шешең қалсын» деген ұран пайда болды. Шеше жолымен емес, әке жолымен тарайтын елдің таңдағаны осы болды ма? Бұл қазақтың ананы, әйелді құрметтемеуі деп түсінбеу керек. Ана – қашанда ана. Жатбауыр қып баласын тастаған да, дүниеге баласын әкелмей, тіршілікке қоспаған да, өзгенің баласын бауырына басқан да – Ана. Жұмақтың кілті де ананың табанының астында. Бірақ әкенің орны – бірінші. Бірінші болып қалуы тиіс-тін. Алайда, әйелдің беделі үшін жұмыс істейтін қоғам құрып келеміз. Қазына қамдап, күң жұмсап, құл ұстап, баласы бағулы, төсегі салулы, қазаны асулы, үйі жасаулы әйелдер ел алдында сөйлеп, ердің алдын орайтындай не күн туды? Төле бидің келініндей сөзді ұғар болса жақсы, тілі аузына сыймай, мақтаудан өзгені қимай жүрген әйелдің төрелігі жөн бе? Ерлер де бұған бейімделіп алған. Таңдайына тілі жабысып, жанын жанына жалдап, күңкілдеп жыламай, қол жайып ештеңе сұрамай, саусағы тарамыстанып, иіні қанып бала емізбей, бір баладан соң артына қара ергізбей, отбасының күлі мен отына қатар жүріп, қыңқ демейтін әйелдерге дорбасын беріп, жұмысқа шығарған ерлер жатыр үйінде. Қолында алыстан басқару құралы, “шешең де, шешең” ұраны, шөлмегін құшақтап, ұрпағын ұсақтап, кешқұрым есіктің алдында өсек айтқанына мәз болу жігіттің тірлігі ме? Алдына алжапқышын жауып, баласының тілін тауып, әйелі келерде қамыр илеп, таба жауып, қазан көтерген, кілем қағып, еден жуған, бесік тербетіп, сіріңкемен жынды қуған тірлік ше? Бұрындары қазақта еркектің екі түрі бар еді: ер және ез. Қазір үшеу: ез, тоз және ер. Езіміз үйде не тірлігі жоқ, әйелінің иініне мініп, шарап ішкеніне мәз еркек. Тоз дегеніміз – әйелдің тірлігін келіншегі бола тұра істейтін, өсек айтып, қатын-қалашпен басы піспейтін еркек деуге ауыз бармас, екінші топ. Ерді айтпасақ та түсінікті. Ерлердің азайып, ез бен тоздың көбейген шағына табан тіреудеміз. «Еркек түлкі түз сақтайды, ұрғашы түлкі ін сақтайды» деген бар еді. Әйел түздің, еркек өздің (өзім) қамын ойлап кеткенде іннің жайы не болмақ?
Мұның бәрі қайдан пайда болды? Жаһанданудан көрудің түк мәні жоқ. Үш боладыны ұмытқаннан шыққан дерт, төбеден емес, етек пен балақтан енген сырқат. Тәрбиенің басы “тәйт” еді, оны тыйып қойдық. Қойғанда жеткеніміз осы? Үйде отырып бала тапқан қыз, әкені сабаған ұл, ананы бетінен алған бойжеткен, отбасын қастерлемеген бозбала… Үш боладыны тарқатып айтайық, “тәйт, жаман болады!”. Тәртіпсіздік жасағанның тыйымы осы еді. Екіншісі, “тәйт, ұят болады!” Ерсі қылықтың тыйымы бұл. “Обал болады!” Алдына “тәйтті” салмаса да, барын біліп, қиянат жасауды доғарушы едік. Қазір үш боладыдан жерідік.
Ұятты да, обалды да, жаман боладыны да былай қойып, “тәйтті” ұмыттық. Ендігі сауал, елдің ертеңі қалай болмақ? Ертеңді алыстан емес, бүгіннен қарауға болады. Бүгін мен ертең сабақтасып тұрған дүние, ата мен бала сықылды. Бүгін қандай тәрбие берілді, ертең соның жемісін көреміз. Бұл – бір. Өмірдің негізгі қағидасы – даму. Бүгінгі тәлімді көрген жан оны ертеңге дамыта жеткізбек. Кәміл сеніңіз, кезінде үйінде отырып бала тапты деген ерсі көрінетін еді. Қазір ше? Құлақ әбден үйренді. Бір емес, бірнешеуін үйінде туып, не әкесін, не тегін білмейтін ұрпақты өсірудеміз. Ертең бұл жай қалай болмақ? Елестетейік, отбасы деген дүние болмайды. Бәрі көкек, әке де, шеше де көкек болмақ. Бала өсіретін орталық ашуымыз да бек мүмкін. Жаңа ғана дүниеге келген сәби сол орталыққа өткізілетін болады. Себебі, ұрпақты жауапсыздыққа тәрбиелеудеміз. Қоғам былай тұрсын, бала алдындағы әкелік, шешелік жауапкершілік жоғалып барады. Өзін сыйламаушылық, өркөкіректік, тәкаппарлық бала алдында адами борышты жоқ етуде. Өзін сыйламаған жан өзгені сыйлап қарық ете ме? Өзін сыйламаған жан торғайы өлгенде топан су қаптағандай күңіренеді деуші едік. Солай болмаса игі.
Қазір қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген заман. Қиыннан қиыстырар ер аз. “Тәйт” дейтін ажа жоқ. Әлемде тоғызыншы орынды алар жеріміз бар, оның бетінде бір илеу құмырсқа сықылды тарыдай шашылған қазағы бар. Тәрбиеміз табалдырықта еңкілдеп тұр. Тәрбиесіз берілген білімнің оңдырмайтынын айтыпты бұрынғының кісісі. Сөз соңында айтарым, “тәйтті” қайтарар уақыт туды, қандастар.