Қ.Тоқаев: «Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз»

Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында айтты.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрғанын айта келе, алда болатын сын-қатерлерге дайын болуымыз керек екенін ескертті.
— Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еңселі еңбек арқылы жетіп отырмыз. Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет, — деді Президент.
Сонымен қатар ол Қазақстан халқына биылғы Жолдауы бірқатар мәселеге арналғанын жеткізді.
— Бірінші – пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму. Орталық Азиядағы экономикасы ең ауқымды ел саналатын Қазақстан қазір пандемияның зардабын тартуда. Дегенмен, қиындықтарға қарамастан, бағдарымызды берік ұстанып келеміз. Біз орта мерзімді экономикалық саясатымызды айқындап, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейін дамудың ұлттық жоспарын және мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдадық. Ұлттық жобалар бекітілетін болады. Стартегиялық мақсатымыз Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту, — деді Тоқаев.