ҚОҒАМНЫҢ ТАРИХИ ЖАДЫ

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай «Жетісу шұғыласының» ұжымы Алдабергенов ауылдық округінде орналасқан Нұрмолда Алдабергеновтің мемориалды мұражайына барып қайтты. Бірнеше жылдан бері еңбегін осы жерде өтеп келе жатқан музей қызметкерлерін мерекемен құттықтады.

Екі мәрте Еңбек Ері атанған Н.Алдабергеновтің өмірі мен өмірлік жолы кім-кімге болса да үлгі. Ол өз ұлтын өте жақсы көрген, халқының болашағын болжай білген көреген басшы болуының арқасында тарих беттерінде аты алтын әріптермен жазылып қалды. Бұл сөздерге бүгінгі күнде жұмысын тоқтатпай келе жатқан кемеңгер атындағы мұражайы дәлел.

Н.Алдабергеновтің өз жанұясымен тұрған үй қазірде мемориалды музей. Ал мұржайдың тарихи 1955 жылдан басталады. Оның негізін салушы да Нұрмолда атамыздың өзі. Ол сол кезде колхоз үкіметтен алған жоғары марапаттарды колхоз басқарма үйінің бір бөлмесіне жинап, шағын музей жасаған екен. Және де колхозға келген қонақтардың пікірін жазатын кітапшаға қонақтардың қолтаңбасы мен суреттерді жинақтаған. Содан бері осы колхоз тарихын баяндайтын мұражай қорында 5121-ден аса тарихи жәдігерлер мен құжаттар сақталып келеді.

Мұражайға жылына келіп кететін қонақтар саны екі мыңнан асады. Олардың қатарында Д.Қонаев (1986 жылы), Н.Назарбаев (1988, 1995 және 2002 жылдары), Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев сияқты ірі тұлғаларымыз бар.  Батыр атындағы ауылға бірнеше рет келген Дінмұхаммед Қонаев мұражай мемлекет есебіне қайтарылуы қажеттілігін ескеріп, мұражай бірден облыстық мәдениет басқармасына тікелей қарайтын болған.

Ал қазақтың ұлы жазушылары М.Әуезов, Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Момышұлы және көптеген өзге де қайраткерлер келіп, өздерінің қолтаңбаларын қалдырған. Шет елден келген қонақтардың есебі жоқ деседі. Себебі, елге келген қонақтар легі Н.Алдабергеновтің жұмыс жасаған кезінен бастап келіп, колхоз шаруашылығының озат тәжірибесін көріп, үйренген екен.

Нұрмолда атамыз диқан баба Ы.Жақаев, шопан ата Ж.Қуанышбаев, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Ә.Қастеев, қазақтың сәулет өнерінің шебері К.Наурызбаевтармен бауырластық, достық қарым-қатынаста болған. Олармен бірге түскен фотосуреттері музей қорында сақталған. Сонымен қатар Нұрмолда Алдабергеновтің есімі, ол туралы естеліктер көптеген әдеби және тарихи шығармаларда жазылған. Ол әдебиеттердің барлығы осы мұражайда сақталған.

1986 жылдан бері мұражайға төрт рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның ішінде 2015 жылы күрделі безендіру жұмыстары жүргізіліп, толықтай жаңартылды.

Мұражайдың алғашқы директоры болып КазКСР мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері, Алматы облысы мен Ескелді ауданының Құрметті азаматы, музейдің дамуына қажырлы үлес қосқан Шайбала Тергеуова тағайындалған болатын. Колхозда алғаш сауыншы болып еңбек етіп бастаған сол кездегі қажырлы қыз мұражайдың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады. 1982 жылдан 2012 жылға дейін үзіліссіз қызмет еткен Шайбала апамыз бүгінде сексеннің сеңгірінен асып отыр.

Алтын қорымызды мұражай меңгерушісі Гүлшат Шаймуханбетова, қор сақтаушы Айна Есбосынова және экскурсия жүргізуші Гүлдана Бақаджанова көзіміздің қарашығындай қорғап, қастерлеп, келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алып, өткен-кеткен тарихты еш бүкпесіз баяндап жүрген жайлары бар. Бір сөзбен айтқанда, мәдени тарихы бар құныдылықтарды жинап, сақтап, халық арасында насихаттап келе жатқан мұражай қызметкерлерінің еңбектері ұшан теңіз.

Жер жаннаты Жетісу өлкесінің тұрғындары мен қонақтарына мұражайдың тарихына байланысты мәнді де мағыналы экскурсиялар өткізіп, ел игілігі үшін табысты және келешекте жастардың ынтасын арттырып, оларды еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке, ғылым мен білімге жетелеу мақсатында жұмыс атқарып келе жатқан мұражай қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.