Президенттік жастар кадр резервіне 50 адам қабылданады

Кәсіби білікті, талабы мен таланты қатар ұштасқан жастың қанатын қағып, көкке самғауына мүмкіндік беретін тың жоба — Президенттік жастар кадр резерві. 2019 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан бастаманың жастарға берері мол. Бұған дейін 300 жас кадр резервінде болса биыл, 50 адамды қыбылдау көзделіп отыр.
Бүгінгі күні, 300 жастың 184-і жұмысқа тұрған. Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ағымдағы жылдың 1қыркүйегінен басталады.
Конкурсқа қатысушылардың жасы 35-тен аспауы тиіс, жоғары білімі бар, еңбек өтілі кемінде 5 жылды құрайтын Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.
«Осы іріктеудің ең үлкен жаңалығы үміткерлерге мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растау қажет болып табылады. Ұлттық стандарттарға сәйкес мемлекеттік тілді меңгеру орта (В1) деңгейінен төмен болмауы керек. Яғни, резервке үміткер адам тірек сөздерді қолдана отырып мәтін құрастырып, өз пікірін қарапайым сөйлемдермен дәлелді түрде жеткізе алуы шарт»,-дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінң Алматы облысы бойынша департаментінң басшысы-әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ләззат Бейсеқұлова.
Өз кезегінде, резервке іріктеуге қатысуға Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған тұлғалар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервіндегі адамдар жіберілмейді. Президенттік резервтегі азаматтарды саяси лауазымдарға, «А» корпусының лауазымдарына және «Б» корпусының басшы лауазымдарына тағайындау көзделеді.
Айта кетейік, резервте болу мерзімі 3 жылды құрайды.
Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында өтеді. Артынша, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл кезең ағымдағы жылғы 2-9 қазан аралығында өткізіледі. Үшінші кезеңде жағдаядттарды шешуге байланысты тапсырма беріледі. Бұл 12-17 қазанда өткізіледі деп жоспарланған. Кейін, үміткердің құзыреттікліктері тексеріліп, сараптамалық комиссия өкілдері қатысушылармен әңгімелесуі өтеді.
Іріктеудің қорытынды кезеңінде қатысушылардың кандидатуралары кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияда қаралады. Бұл кезеңге сараптама комиссиясы ұсынған ең жоғары балл жинаған қатысушылар жіберіледі. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша үміткерлерді Президенттік резервке қабылдау туралы шешім қабылданады.