ӨЗІҢДЕ ӨМІР СҮРГЕН ҚАНДАЙ БАҚЫТ! ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНЕ — 30 ЖЫЛ!

Биылғы Тәуелсіздік тойына ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тура келіп отыр.

Мұқағалидай ақиық ақынды қатты құрметтеймін. Өлеңдерін оқып өстім. Үйімнің төрінде ақынның кітаптары сақтаулы. Туған Отанын сүйген, жанындай жақсы көрген бір жан болса, ол Мұқағали дер едім. Аяулы ақынымыз елі-жері, туған Отанын жырлап өтті. Өлмес өлеңдерін де қалдырды.

Қазақстан!
Пай, пай, пай!
Ардағым-ай!
Сен менің Шолпанымсың  жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,
Өлмейтін махабаттым, арманым-ай!
 – дейді «Қазақстан» атты өлеңінде.

Ақын бір-ақ ауыз өлеңімен туған Отанына деген сезімін, сағынышын, махаббатын, бәрін-бәрін жеткізіп тұр. Мұқағали «Отан» деген өлеңінде айтқанындай, бәріміздің жалғыз Отанымыз бар. Туған тәуелсіз Отанымыздың мерейлі 30 жылдығы шын мәнінде елеулі оқиға. Оған жай көзбен қарай алмаймыз. Бояма сөзбен әңгіме айта алмаймыз. Дәл осы тәуелсіздікке, еркіндікке жету үшін қаншама қан төгілді, қаншама дүние басымыздан өтті десеңізші?! Зұлматты кештік, ашаршылықтың ащы дәмін таттық, қуғын-сүргінге ұшырадық. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Желтоқсан көтерілісі шын мәнінде ұлтымыздың еркіндікті аңсаған, тәуелсіздікті көксеген ұмтылысы болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек», – деді.

Дұрыс айтады. Ғасырлар бойы аңсаған, көптен күткен тәуелсіздігіміздің тұғырлы да ғұмырлы болғанын қалаймыз. Армандаймыз. Оны болашақ ұрпақтың көретініне сенеміз. Зейнет демалысында жүрсем де еліміздің әр күнгі тынысын көріп-біліп отырамын. Жақсы жаңалықтарына жас балаша қуанып қаламын. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында бір кісідей жұмыла еңбектену керек. Отанның мүддесі, болашақ-келешегі, бәрі-бәрі ойымызда тұру керек. Бір мақсат, бір тілек, бір мүддеге біріксек, алынбайтын қамал, шешімін таппайтын мәселе болмайды. Қиын күндеріміз артта қалды. Жақсылық көретін шақ әлі алда. Мен әрдайым тәуелсіз мемлекетіміздің мерейінің үстем, мәртебесінің биік, қорғанысының қуатты, өмірінің шуақты болғанын тілеймін! Мұқағалидай қымбатты ақынымыз айтқандай, бізде жалғыз Отан бар. Отанымыздың болашағы мығым, келешегі кемел болсын!

            Тұрарбек АСАНОВ,

қоғам қайраткері

Сурет — ғаламтордан