Мерейлі мереке мезіреті

Бүгінде қазақ елінің түтіні түзу, тұрмысы жайды, тіршілігі қарқынды. Олай болатын өзіндік себебі де бар. Өйткені Қазақстан бүгінде тәуелсіз, әлемдік аренада өзіндік беделі бар мемлекетке айналған. Қазақ мәдениетінің қалыптасуына едәуір еңбек сіңірген Темірбек Жүргенов «Жерұйық» мақаласында қазақ даласы бұрын соңды болмаған мамыражай кезеңге тап болғанын, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туғанын әспеттеп, сонау кеңес заманындағы елдің болмысын суреттеген болса, бүгінгі тәуелсіз елдің даму динамикасын бір ауыз сөзге, бәлки мақалаға сыйдыру мүлдем қиындау болар. Дегенмен, егемен елдің осынша гүлденген қуатты елге айналуына Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі зор болса, оның қазақ даласына жасаған ұлы тартуы жаңа Елорданың негізін қалауы еді. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның даму көрсеткішінің нышаны ғана емес, әлемнің бейбітшілік һәм келісім ордасына айналды. Сәулеті мен дәулеті келіскен Елорда күні қарсаңында Ескелді ауданының әкімі Рүстем Әли Матай Байысов ауылына табан тіреп, мұндағы ағайынды мерейлі мерекемен құттықтады.

Аудан әкімінің М.Байысов ауылына табан тіреуінің өз себебі де бар. Өткен жылы ауылдағы Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің жаңғырту жұмысы басталып, күрделі жөндеу биыл маусым айында аяқталған еді. Сәні мен салтанаты келіскен мектептің бүгінгі жайы көз тартарлық. Заманауи жабдықтармен қамтылған мектептің ашылуы әлдеқашан өтсе де, аудан әкімінің қатысуымен мектеп басшылығы Елорда күнінде ашық есік күнін өткізді. Қалай дегенмен, Елбасының сарабдал саясаты негізінде ауыл балалары заманауи жабдықталған мектепке қол жеткізгені анық. Қазақ әу бастан «балам-болашағым» деген таныммен өмір сүрсе, Елбасы негіз болған ел саясаты балалар біліміне салынған капиталдың жарқын болашақ кепілі екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған.

Айтулы ашық есік күніне ауылдың ардақты ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, білім саласының майталмандары және мектепті қайта жаңғыртудан өткізген серіктестік басшылығы қатысты. Жиында сөз алған аудан басшысы Р.Әли, Елбасы мен жаңа Елорданың қазақстандықтарға жасалған тарту екенін айта келе, ауыл тұрғындарын жылы лебізімен құттықтады.

 — Нұр-Сұлтан дәуірлер туындатқан қазақ елінің айбыны, мақтанышы. Елбасының бастамасымен Қазақстан жаңа экономикалық даму даңғылымен жүріп келеді. Әлемдік алпауыттар бүгінде Қазақстанмен санасатын деңгейге жетті. Еліміз Елбасының арқасында бейбітшілікті насихаттаушы, келісімге үгіттеуші, татулыққа бастаушы нышанына айналды. Мәселен, Сирияда, Мысырдағы, Ливиядағы қақтығыстарда Нұр-Сұлтан қаласы келісім жасауға арналған орталыққа айналды. Елодада өткен келіссөздер нәтижесінде қақтығыс кезіндегі қос тарап ымырастыққа келіп, ынтымақтастыққа ұласты. Міне, содан кейін Елорда – бейбітшілік симфолына айналды, — деді аудан әкімі Рустам Әли.

Мұнан кейін аудан басшысы «Ауыл – ел бесігі» жобасына қанат бітіріп, Т.Рүстембеков атындағы орта мектепті заман талабына сай күрделі жөндеуден өткізген «NEFT» құрылыс компаниясының басшысы Н.Мұқанұлына алғысын білдіріп, марапаттады. Артынша ауданның «Құрметті азаматшасы», Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Күлжамал Көптілеуова ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымын құттықтап, осындай заманауи үлгідегі мектепті жарақтауға себепші болған аудан әкіміне, құрылысты жүргізген мекеме басшылығына алғысын білдірсе, ауылдың қадірлі азаматы Құрманғазы ақсақал ақ батасын берді. Шара соңында ақ жаулықты аналар шашу шашып, қадірлі меймандар жаңғыртудан өткен мектепті аралап көрді.

Мұнан соң аудан әкімі Рустам Әли аудан орталығына атбасын бұрып, мұндағы жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтады. Мұнда Елорда күніне және жұмыспен қамту орталықтарының құрылғанына 10 жыл толуы орай ауданның мәдениет саласының майталмандары салтанатты жиын ұйымдастырды. Ән мен жырдан шашу даярлапты. Әуелі аудан әкімі Рустам Әли сахна төріне көтеріліп, аудан жұртшылығын құттықтады.

 — Нұр-Сұлтан қаласы әлемдік бренд. Көптеген шетелдерде болдым. Олардың көкпен таласқан зәулім ғимаратты қалаларында болдым. Бірақ, өзіме сәулеті мен дәулеті келіскен Елордамызға жетпейтіндей көрінеді. Өйткені Нұр-Сұлтан қазақстандықтардың мамыражай, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатқанының айғағы. Елбасы сарабдал саясатының арқасында әлемдік әренаға көтерілдік. Экономикамыз қарышты дамыды. Бойымызды тіктеп, өзге елдермен санаса алатын деңгейге жеттік. Ұлт болып ұйысып, бейбіт кезеңде өмір сүрудеміз. Елордамыз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында жасарып, жайнап тұр. Мұнан асқан әрбір қазақстандықта мақтаныш болсын ба? Әрбір шаңырақта шаттық пен бақыт орнасын. Біз қазақстандықтар бақытты елде өмір сүрудеміз, — деді аудан басшысы.

Мерейлі мерекелік шарада аудан әкімі Р.Әли мен аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сатанов «Көксу ауылшаруашылық колледжі» МКҚК басшысы Мәлік Қарасаевқа Ескелді ауданының «Құрметті азаматы» атағын беріп, құттықтады. Мұнан соң, аудан басшысы қос мерекеге орай ауданда сүбелі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады. Шара барысында мәдениет саласының өкілдері әннен шашу шашып, әсем бимен сахна көркін кіргізді.

Мұнан кейін спорт саласының өкілдері мен «Ескелді аудандық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай қайырымдылық марафоны ұйымдастырылды. Арнайы жейде киген 40 шақты марафоншылар санитарлық талаптарды сақтай отырып, жарыс мәресіне жиылды.

 — Айтулы мереке қарсаңында аудан басшылығының қолдауымен қайырымдылық марафонын ұйымдастырып отырмыз. Арнайы жейдедегі байланыс нөміріне хабарласып, ауданымызда жуырда ғана жолдасынан айрылып, соған қарамастан қайсарлық танытып, бес баласын асырап отырған жалғыз басты анаға жәрдемдеспекпіз. Марафонға қатысушылар әр жейдені 2000 теңгеге сатып алды. Шамамен 70 жейдені сатыппыз. Әрбір түскен қаржы сол көп балалы ананың тұрмысын түзеуге бағытталады, — деді Ескелді аудандық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Карипова.

Марафонға қатысушылар 2 шақырым жүгіріп келген соң, акцияға белсене араласқандарға алғыс білдірілді.

Д.Алашбек