Тәуелсіздік! Бұл – ұлт үшін де, ұрпақ үшін де киелі, қасиетті ұғым. Адамзат баласының арғы-бергі тарихына көз салсақ, осы бір ұлт пен ұрпақ санасына тыным бермей, ой-сананы жетелеумен келе жатқан бағдаршам-ұғымның өз тамырын аласапыраны мол ғасырлар мен көне дәуірлер қойнауынан тартатынын аңғарамыз.
Үстіміздегі жылы жаңа тарих тұсауын кескен ұлт тәуелсіздігінің тағдырлы жаңа кезеңін еске алған сайын осынау отыз жылдық мерейлі датаның да тамырлары мен бастаулары еріксіз еске түседі. Әкесіз баланың болмайтыны секілді өмірде де, қоғамда да кез келген құбылыстың тегі, бастау көзі, өсу, қалыптасу жолы болатыны заңды.
Тәуелсіздік біз үшін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан ғана басталмайды. Ұлы Даланың өз баянын түгендеуі мен өз тағдырын таразы басына қоюы тым әріде, арғы дәуірлерде жатыр. 1991 жылдың 16 желтоқсаны күні қазіргі оңтүстік астанамыз – Алматы қаласының ұлы төрінде, нақтылап айтсақ, ескі Үкімет үйінің үлкен залында тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бастаған 360 халық депутатының пәрменімен айдай әлемге жарияланған Қазақстан Тәуелсіздігінің бүгінде тойланып жатқан 30 жылдығы сол ұлы дәуірлеріміз бен өлмес өткенімізге жасалып жатқан құрметтің белгісі мен нышаны!
Иә.
Екі ғасыр тоғысында өмірге келген жаңа тұрпатты жас мемлекет өрісі мен өркенін танытуды әуелі өзінің саяси-экономикалық қазық-бауын бүтіндеуден бастағаны жадымызда. Ыдыраған империяның сары жұрты сарсаңға түскен со бір аумалы-төкпелі қиын кезеңде көзін уқалап ашқан Қазақ Елінің тағдыры талауға түсе жаздағанын қалай ұмытуға болады?! Ел тәуелсіздігін мойындай отырып, үш ғасырға жуық әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап келген тегеурінді супер державаның ықпалынан суырып әкетіп, «өз қолтығына басуға» ұмтылған «жебеушілер» мен «демеушілер» аз болған жоқ. Әрі-беріден соң күні кешегі көпғасырлық тарихы бар көшпелі өркениеттің ұлы бесігі болған, аспанын түркілік тұтастықтың туын ұстаған ұлы тұлғалардың рухы кезген Ұлы Даланы «соғыс алаңына» айналдырудан да тайынбаған әрекеттердің болғанын қалай жасырамыз? «Мойындаулар» мен «көмек қолын созулардың»» түп-төркінінде тәуелсіз елді кіріптарлық шеңгеліне салу жатқан алуан-алуан саяси ойындар қорығынан Қазақ Елі ұрынбай, сүрінбей аман өтті. Біздің ұрпақ сол күнгей-көлеңкесі қатар өрбіген, ұрпақ пен ұлт санасын жаңылдырудың алуан-алуан үлгісі іске қосылған жылдарды артқа қалдырды. Отыз жыл бойы Қазақты Тәуелсіздікті жариялаумен қатар Тәуелсіздікті сақтаудың, қорғаудың ұлан-асыр мектебінен өткізді.
Тәуелсіздік ұлт руханияты мен рухын дамудың жаңа жолына салды!
Тәуелсіздік тіліміз бен дініміздің, діліміз бен тініміздің бекуіне жол ашты.
Тәуелсіздік Қазақ Елін әлемге танытты!
Шегарамыз шегенделді!
Елордамыз еңсе көтерді!
Ұлы Даланың астанасы ұлы жиындар мен кемел басқосулардың төріне айналды!
Тәуелсіздік біздің санамызды тәрбиеледі. Ойымызды шыңдады. Бойымызды тіктеді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзімен айтқанда, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» екеніне ұлттың көзін де, көңілін де жеткізе түсті.
Сондықтан…
Тәуелсіздік тағдырымызды анықтар Темірқазық екенін қай кезде де жаңа, жас ұрпақ ұмытпауы тиіс…
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты