ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ МАШАҚАТЫ КӨП ПЕ?

Қазіргі таңда карантин шаралары әлі де болса жеңілдетілмей тұр. Жаңа оқу жылы басталғанша жағдай тұрақталып, мектеп табалдырығын қайта аттаймыз ба деген үлкен сенім әр оқушыда болғаны хақ. Дей тұрғанмен ауырғандар саны көбеймесе азайған жоқ. Бірақ, алдағы уақытта бәрі жақсы болады деген сенімдеміз. Қашықтықтан оқытудың өзіндік қиыншылықтары бар екенін айтпасақ та бесенеден белгілі. Сондықтан, С. Сейфуллин атындағы №74 ЖББМ-тің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жоғары санатты педагогы Зәкариянова Сандуғаш Зарыққанқызымен сұқбаттасып көрген болатынмын.

— Сәлеметсіз бе, Сандуғаш Зарыққанқызы, сұқбаттасуға келіскеніңізге көп рақмет! Алғашқы сұрағым, карантин кезінде қашықтықтан оқыту қиындық туғызып жатқан жоқ па?

-Сәлем Айжан! Еліміздегі карантиндік жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілгені бәрімізге мәлім. Бұл оңай болып отырған жоқ. Өзіндік қиындықтары бар.                                                                                       Бүгінгі күннің басты талаптарының бірі және бірегейі — қашықтан оқыту  процесі болып тұрғаны  баршамызға аян. Білім алушы мен педагогтің  ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып алыстан  жүзеге асырылатын оқыту түрі елдегі жағдайға байланысты тиімді болып тұр.                                                         Қашықтан білім беру технологиялары қашықтан оқу сабақтарын «оnline», «offline» режимінде өткізуге негізделгендігінен де хабардармыз. «Оnline» режимінде өткізілетін  оқу сабақтары нақты уақыт режимінде  өтуін қарастырады. Бұған біз өтіп жатқан  бейнеконференция, интернет желісімен хабар алмасу, телефон  арқылы әлеуметтік мессенжерлердің көмегіне жүгіну жатады. «Оnline» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы синхронды және асинхронды тілдесуді қарастырады. Сондықтан кез келген мұғалімнен үлкен дайындықты, ізденуді талап етеді.

-Сіздің ойыңызша балалар қашықтықтан оқуды қаншалықты жақсы игеруде?

— Негізінен қашықтан оқытудың технологияларымен білім алған оқушы  жеке оқу жоспарын, оқу траекториясын өз бетімен жоспарлауды үйренеді. Сондықтан біржақты қарамай, тиімді тұстарына да көңіл бөлген дұрыс. Биылғы оқу жылында оқушыларға  оқу платформалары ұсынылып отыр. Атап айтатын болсақ, «Bilimland», «Daryn.online», «Kundelik. kz»  атты платформалар мұғалімдер мен оқушылар үшін ыңғайлы, тапсырмалары оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай, оқушының өз бетімен орындауына толық мүмкіндік беретінін байқадық. Материалды игеру, оны өз бетімен қолдану  мазмұны  сапалы платформаға байланысты екені даусыз. Жалпы қашықтықтан оқытуды оқушылар өте жақсы болмаса да жақсы игеруде деп айтуға болады.

-Өзіңіздің де балаңыз биыл мектеп табылдырығын аттаған болатын. Ана ретінде балаңызда сабақты меңгеру барысында қиындықтар бар деп ойлайсыз ба?

— Ата-ана ретінде 1-сынып болғандықтан қиындықтар туындайды. Біріншіден, таңертең сабаққа ояту, себебі үйде отырып қатысатындықтан болар тұрмауға болады деп ойлайды. Екіншіден, ата-ана ретінде мені мұғалім рөлінде мойындамайды. Сондықтан тапсырмаларды орындау ұзақ уақытты қажет етеді.

-Онлайн оқуға сіздің көзқарасыңыз қалай?

— Қашықтан оқыту – тығырықтан шығудың бірден-бір жолы. Ендеше оған көндігу, меңгеру педагогтер үшін міндет болса керек. Ұйымдастыру сәті,  міндеттер мен мақсаттардың құрылымы көрсетілген нақты тапсырмалармен анықталуы керек. Оқушылардың жетістіктері мен сәтсіздіктеріне жалпы шолу жасап, қиын сәттерді түсіндірудің де өзіндік маңызы бар.  Жаңа материалды  меңгерту үшін  бейнероликтерді, оқу тапсырмасын оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі әдістерді қолдану қажет. Жіберген қателерді талдау және түзету — тесттер, жауаптарды жинау формаларын қолдану арқылы жүзеге асырылатындықтан,  тапсырмаларды уақтылы тексеруді және оқушыларға олардың жетістіктері мен қателіктері туралы ақпарат берудің де өзіндік орны бар.Тиімді платформалар негізінде жұмыс жасауға еш қарсылығым жоқ.

-Сіздің ойыңызша мектеп оқушылары телефонды сабақ оқу үшін қанша сағат пайдаланады деп ойлайсыз? Тым көп тапсырмалар бала денсаулығына зиянын тигізбей ме?

-Қашықтан оқыту кезінде оқушылармен байланыс ең маңызды болып табылатындықтан,  тапсырманың анық-қанығын, оқу материалдарына толық қолжетімділіктің болуын үнемі бақылау да маңызды болып табылады. Бұл ретте электрондық күнделікте, whatsapp, т.б. әлеуметтік желілерде  топтық хабарламаларды қолдану жақсы нәтиже береді. Оқушылар 4-5 сағат уақытын сабақ оқу үшін телефонда отырады деп ойлаймын. Зиян болуы да мүмкін. Дегенмен, қашықтықтан оқымаған жағдайда да ол осынша уақытын телефонда өткізетініне сенімдімін. Ол уақытта қажетсіз ақпараттарға уақыт жұмсаса, дәл қазір қажеттіліктен туындап отырғандықтан аса үлкен проблеме көрмеймін. Тек ата-ана тарапынан қадағалау қажет.

-Мектепке барып оқу мен онлайн оқуда балалардың сабақ үлгерімдеріңде қаншалықты өзгерістер бар?

-Қашықтан сабақ өткізу «offline»  сабақпен бірдей болатындығын есте сақтау  маңызды. Сондықтан «offline»  сабақ барысында жақсы оқитын оқушы  қашықтан оқытуда да осы көрсеткішті көрсетеді. Ал оқуда қиындық болса ол бетпе-бет өтетін сабақтарда да болады. Сондықтан үлгерім бағытында аса өзгерістер болмайды деп ойлаймын. Тек жауапкершілікті арттыру керек.

-Ата- аналардан «көп тапсырма бересіздер, күні- түні балам телефонға үңіліп көзі ауыратын болды» деген сияқты шағымдар келген кездер болды ма? Келген жағдайда бұл мәселелерді қалай шешуге тырысасыздар?

— Ата-аналар тарапынан айтылғандай шағым түскен жоқ. Себебі мұғалім ретінде мен үйге көп тапсырма бермеуге тырысамын. Оқушының жас ерекшелігіне сай тапсырмалардың жеңіл түрі үсынылуы керек деп түсінемін. Сабақтың негізгі бөлігін 30 минуттық синхронды сабақта түсіндіремін. Қиын тапсырмалар да алдымен осы сабақта орындалады.

-«Қашықтықтан оқу барысында да жетісткке жетуге болады» дегенге сіздің ойыңыз қандай? Жалпы осы пікірмен келісесіз бе?

— Біз алдымыздағы оқушы үшін интернеттен жаттығулар мен оқуға бағытталған  интернет-ресурстарға сілтеме жасап,  мәтіндер мен тест сұрақтарын жасап сабағымызда қолдануға толық мүмкіндігіміз бар.  Дегенмен, оқушыға ұсынатын  жаңа материалды толық талдап, оқытуды мүмкіндігінше жан-жақты жүзеге асыруды білім беру платформалары  арқылы оңтайландыру қолайлы болып табылады. Мәселен, «Bilimland»-тегі «Оnline mektep» педагог үшін де, оқушы үшін де тиімді деп толық айта аламын. Әр тақырыпқа оқушы еркін орындау үшін конспект берілген, конспектімен толық танысып болған оқушы ары қарай берілген тапсырмалармен еркін жұмыс жасайды. Және оқушының жұмысы бірден бағаланып, қанша балл алғанын бірден біле алады. Ал мұғалім оқушының жұмысын мониторинг кестесінен бақылай алады. Ол үшін бағалау рубрикаторы да берілген. Және  нақты   оқу жетістіктерінің  қадамдары да көрсетілген. Осындай тиімді ресурстар арқы қашықтықтан оқыту барысында да жетістікке жету еш қиындық тудырмайтыны анық.

-Қашықтықтан оқыту барысында балалардың оқуға деген қызығушылығын бәсендетіп алмас үшін не істеу керек?

— «Bilimland», «Daryn.online», «Kundelik. kz»  білім платформалары бойынша ұсынылған тапсырмаларды орындаудың оқушы үшін маңызы зор деп есептеймін. Оқушы қызығушылығын арттыру үшін жаңартылған білім мазмұнына негізделген әдіс-тәсілдерді сабақта қолдану, оқушының өз бетінше іздену жұмыстарын ұйымдастыру маңызды деп ойлаймын.

-Білікті, тәжірбиесі мол ұстаз ретінде оқушыларыңызға қандай кеңестеріңізбен немес тілегіңізбен бөлісесіз?

-Оқушыларыма қиын сәтте өздерінің білімдері мен жауапкершіліктерін көрсете білгендері   үшін рақмет! Қашықтықтан оқу оңай болған жоқ, соған тез икемделіп, білім алуға жол салған әр шәкіртіме сәттілік .Ел аман, жұрт тыныш болсын. Келер тоқсан сіздерден керемет идеялар мен кері байланыс күтемін! Бәріңізге сәттілік!

Сүбелі сұқбат болды деп ойлаймын. Берген ақпараттарыңызға көп рақмет! Алдағы уақытта жұмысыңызға шығармашылық табыс, отбасыңызға амандық тілеймін! Жақсылықта жолыққанша!

 

Айжан Абдибекқызы Дайрабаева

Алматы қаласы

С. Сейфуллин атындағы №74 ЖББМ

11-сынып оқушысы