Мемлекеттік білім гранттарының саны 5 мыңға артады

Ағымдағы жылы мемлекеттік білім беру гранттарының саны 5 мыңға артады. Бұл жайлы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 11 маусымдағы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте хабарлады.

«Келесі оқу жылына бакалавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлінді. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде тағы 5000 грант бөлу қарастырылған. Бакалавриат бағдарламасы бойынша гранттардың жалпы саны 56 561 грантты құрайды, магистратура бойынша — 13 263, докторантура – 1890. Кадрлар даярлауға арналған гранттар қажетті бағыттар бойынша бөлінеді»,  – деп атап өтті министр.

Асхат Аймағамбетов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін 2025 жылға дейін гранттар саны 50%-ға артатынын мәлімдеді. Айта кетейік, биылғы оқу жылы еліміз бойынша 154 мыңға жуық түлек мектеп бітірді.

Блял Хадиша Нұрбекқызы,

Қарағанды қаласы,

Әл-Фараби атындағы

мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.