ЛАТЫНҒА КӨШУ — ӨРКЕНИЕТТІ ҚАДАМ

Талдықорған қаласында І. Жансүгіров – атындағы Мәдениет сарайында «Латын әліпбиі: тәжірибе, пікір» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Онда Қазақстан мен көршілес елдердің тіл білімі мен лингвистика саласындағы беделді ғалымдары жиналып, пікір алмасты.

Іс-шараны Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов ашып, латын әліпбиіне көшу тек тілдерді дамыту тұрғысынан ғана емес, тұтастай алғанда әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде Қазақстан үшін үлкен рөл атқаратындығын атап өтті.

Конференцияны облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандары ұйымдастырды. Бөлім басшысы Айдар Башбаевтың айтуынша, конференция ғалымдар арасында пікір алмасуға, осы бағытта теориялық және практикалық мәселелерді шешуге бағытталған.

Ғылыми-практикалық конференция барысында баяндамашылар осы күнге дейін қол жеткізілген нәтижелерге ерекше назар аударып, қиындықтарды жеңу жолдарына тоқталды. Алқалы жиында А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қазыбек жаңа әліпбиге көшу, ең алдымен лингвисттерге артылған маңызды жүк екенін атап өтіп, жаңа алфавит толық қабылдағаннан кейін де ғылыми-әдістемелік жұмыс 2-3 жыл бойы жалғасатынын айтты.

Түркия мемлекетіндегі «Ahi Evran» университетінің  профессоры Осман Қа-бадий латын алфавитіне көшу игі бастама екенін айтып, кейбір тарихи және лингвистикалық аспектілер туралы әңгімеледі. Латын әліпбиіне көшу Қазақстанның мемлекеттік тіліне оң әсерін тигізіп, қазақ тілін одан әрі дамуына әсер етіп, оны қазіргі заманғы ғылым мен техниканың тіліне айналатынын атап, мемлекеттің көршілес елдермен достық қатынаста болатынына сенім білдірді.

Конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек, Назарбаев университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, «Винчино» университетінің профессоры Юлай Шамилуглу, халықаралық түркі академиясының аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқабаев латынға көшу тарихына тоқталып,  дайындаған баяндамаларымен бөлісті. Сонымен қатар латын әліпбиінде орыстың кирилл әліпбиінен енген бірнеше әріптер жаңа әліпбиден алынып тасталып, сөздерді айтқанда «цемент» деген сөзді «семент», «медицина» – «медисина»,  «дирежер» – «дирижөр», «актер» – «актөр», «альбом» – «әлбөм» деп айтатынымыз белгілі болды. Сөздерді осылай айту арқылы тіліміз орыс тіліне надан болғанымен, қазақ тіліне білімді болады.

Алима НҮСІПОВА.