ТАҒЫ ДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Жастар – ұлттың келешегі, қоғамның айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс дүние. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы қазан айындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы жылды Жастар жылы деп жариялауының өзі жастарға беріліп отырған үлкен қолдау екені даусыз.

Мемлекет басшысының жастар саясатына үнемі басымдық беріп отырғанынан елімізде белсенді жастар қатары өсіп-өркендеп, осы орайда көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде. Солардың бірі де бірегейі – «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы. Аталмыш бағдарлама аясында мыңдаған жастар республика бойынша париоттық тәрбиелеуден өтіп, жұмыспен қамтылуда.

«Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағында бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама он үш жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. Жыл сайын еңбек жасақтарында мыңдаған жұмыссыз жастар, болмаса студенттер жазғы мезгілде бос уақытын пайдаланып қана қоймай, лайықты еңбекақымен де қамтылуда. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, республика көлемінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп тұрады. Осындай жемісті еңбекті бағалап,  жастарды жоғары деңгейге ынталандыру мақсатында олардың атқарған жұмыстарына сай Алматы облысының «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының филиалы үздіктерді марапаттады.

Дәстүрлі түрде биыл да «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында өткен Алматы облысының «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XVI еңбек маусымының жабылуы салтанаты өтті. Оған Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасарлары және аудан мен қалалардың жастар ресурстық орталығының филиалдары қатысты. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы Алматы облыстық филиалының директоры М.Молдағалиев үздік еңбек атқарған жастар командаларын 8 номинация бойынша марапаттады. Сол биік марапаттан біздің жастар да көрінді. Ескелді ауданы жастар ресурстық орталығы жылдың «Үздік мәдени жасақ» номинациясын жеңіп алды.

Ескелді ауданы бойынша маусым айынан қазан айына дейін барлығы 100-ге жуық жастар маусымдық қызметке орналасып, өз жұмыстарын атқарды. 258,5 куб. тұрмыстық қалдықтар, 195,7 куб. Қаратал өзенінің жағалауы мен арықтар тазаланып, 4,8 га жер қураған шөптерден тазартылды. «Кедергісіз келешек», «Бақытты балалық шақ» партиялық жобалары аясында жетім және мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыру мақсатында 9 жетім баланы және ІІІ топтағы мүгедек С.Орденбекті аудандық «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде қабылдап, маусымдық қызметке орналастырған. Сонымен қатар, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 15 ҰОС және тыл, еңбек ардагерлерінің үй ауласы және үй ішінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жастарымыз тек қана тазалау жұмыстарына қатысып қоймай, аудан көлемінде өткізіліп жатқан қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып отырды. Бойында жалын-қуаты тасыған ауданның жастары орталарында аянбай еңбек етіп, туған жерінің мәртебесін бір көтеріп тастады.

Жастардың күші арқылы айналада жасыл ағаштар көмкеріліп, көркейіп, көгалдандырылып жатқаны үлкендерге үлгі. Қаншама жастар бос уақытын тиімді өткізе отырып, еліне қызмет етіп жүр. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер жастар қатары көп бола берсін демекпіз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.