ТЕРРОРИЗМНІҢ ҚАУПІ

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің 2017 жылғы 13 қаңтардағы №15-06-23/И-64 Дін істері комитеті діни экстремизм мен терроризмге қарсы кең ауқымды ақпараттық жұмысты жүйелі түрде жүргізу мақсатында әр-түрлі іс-шаралар елімізде жүргізіледі.

Ғылым мен технология дамудың шырқау шегіне шыққанына және адамзат бірін-бірін жете тани алатын мүмкіншіліктерге ие болғанына қарамастан, соңғы жылдары діни экстремизм мен терроризм тақырыптары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі орын алуда. Хақ дін — Исламды да шарпып өтетін осы мәселенің мән-жайы хақында өзімнің ойларымды былайша түсіндіргім келеді.

Исламият адам және табиғат жаратылысымен толық санасатын, адамның тумысынан пайда болған қажеттіліктерін жауыз санамайтын, оларды дұрыс һәм қажетті деп көретін нағыз орта жол. Мәселен, үйлену, жеп-ішу, жұмыс істеу, байлық тілеу, меншік жинау, араласу, ғылым іздену, тазалық, жыныстық қажеттер   жұмырбасты пенденің бәріне қажетті нәрселер. Ислам жыныстық қатынасты шектемейді, не болмаса дін жолында жүрмек болғандар үйленбесін, жанұялы болмасын демейді, қайта үйленуді, балалы-шағалы болуды, жанұя мен қоғамды сақтауды насихаттайды. Тек адамның жаратылысымен пайда болған әртүрлі қажеттіліктерін халал жолмен табуды, қанағаттандыруды бұйырады. Сондықтан зинақорлық, өсімқорлық, маскүнемдік, нашақорлық сықылды жат қылықтарды лағынеттейді.

Бейбітшілік пен татулықты арқау еткен мемлекеттің билігін күйретуге әсер ететін бүгінгі таңда бүкіл әлем бойынша жаһандық мәселе -терроризм. Қазіргі уақытта, терроризм мен эктремизмнің таралу қаупі еліміздің қауіпсіздігіне төнетін шынайы қауіпке айналып отыр.

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі № 416-І Заңының түсіндіріліміне сәйкес терроризм — күш қолдану идеологиясы және халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке залал келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттерді жасау, не жасаймын деп қорқыту жолымен мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына әсер ету практикасы. Ал терроризм актісі — адамдардың қаза табу қаупін төндіру, едәуір мүліктік залал келтіру, не қоғамға қауіпті өзге де салдардың туындау қаупін төндіретін жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де іс-әрекеттер жасау немесе жасаймын деп қорқыту. Егер бұл іс-әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына әсер ету мақсатында жасалса, сондай-ақ нақты сол мақсаттарда адам өміріне қастандық жасау, сол сияқты мемлекет немесе қоғам қайраткерінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қастандық жасау саналады.

Терроризмнің объектісі қоғамның қауіпсіздігі болып табылады. Қосымша объектісі адамдардың өмірі мен денсаулығы. Сондықтан, терроризмді көп обьектілі қылмыс түріне жатқызады. Қылмыстың объективтік жағы — жарылыс жасау, өрт қою немесе адамдардың қаза болуы,елеулі мүліктік зиян келтіру, не қоғамға қауіпті өзге де зардаптардың туындау қауіпін төндіретін өзге де іс-әрекеттер жасау. Субъективтік жағынан терроризм тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Кінәлі адам заңда көрсетілген әрекеттерді істеу арқылы зардаптардың болу қаупін туғызғанын немесе соны жасаймын деп қорқытудың қоғамға қауіптілігін сезеді және соны жүзеге асырады. Бұл қылмыстың субъектісі болып 14 жасқа толған, ақыл-есі дұрыс адам саналады. Ал объектісі болып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, реттейтін қоғамдық қатынастар, азаматтардың өмірі, денсаулығы, меншігі, мүліктік немесе сезім мүдделері болып табылады.

Сонымен қатар заңмен кейбір жағдайлар бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылатын мән-жайлар көзделген. Терроризм актісін дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттік органдарға дер кезінде ескертуімен немесе өзге тәсілмен терроризм актісін болғызбауға септігін тигізсе және егер оның іс-әрекетінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Біздер Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде осы террористік, экстремистік әрекеттердің алдын-алуға үлес қосуымыз керек.

А. АУБАКИРОВА,

«Алматы облысы білім басқармасының

Ескелді ауданы бойынша

білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің

«Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы

мектепке дейінгі шағын-орталығымен» КММ

тарих пәнінің мұғалімі.