Жарқын елдің болашағы — жас маман

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға,

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға…»  деп Aбaй aтaмыз бекер aйтпaғaн.

Ұстаздық — бұл өмірдегі ең адал, ең жауапты, ең күрделі, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін мaмaндықтардың бірі. Eлбaсымыз айтып кеткендей «Біздің басты байлығымыз – адам, және адамдағы бар жаксылық — мұғалімнен». Қай кезде де болмасын ұстаздың мойнындағы жауапкершіліктің жүгі ауыр болатын. Бүгінгі таңда жаңа мектепке заманауи мұғалім, яғни білім беру мен тәрбиені ұштастыра білетін, үнемі ізденісте болатын, өзгермелі заманнан қалмай жаңа технологияларды күнделікті жұмысында қолдана білетін, білгір маман болуы керек.

2019 жылдың 27 желтоқсанында шыққан «Педагог мәртебесі туралы» заң да біздің мамандықтың маңыздылығы мен құндылығын тағы бір мәрте дәлелдеп бергендей. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі мұғалімге жүктелген міндеттің қаншалықты ауыр екенін біле тұра, осы мамандықты өмірлік жолы еткен жас мамандардың бұл таңдауына тәнті болуға болады.

Шымыр ауылы, М.Маметова атындағы орта мектебінде жаңадан оқу орнын тәмамдап, мектеп табалдырығын мұғалім ретінде енді аттаған жас мамандарға әдістемелік қызмет көрсету мақсатында «Жас маман» мектебі жұмыс істейді. Жыл басында бекітілген жоспар бойынша аталған мектеп мүшелері өз тәлімгерлерінің, тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасты. Мектеп әдіскері мен педагогтері ұйымдастырған вебинарлар мен шебер-сыныптарға қатысып, қоржындарын тиімді әдіс-тәсілдермен толықтырды. Атап айтқанда, «Қашықтан оқыту кезінде қалыптастырушы бағалауды жүргізу», «Бағалау тапсырмаларын әзірлеу», т.с.с. Наурыз айында «Жас маман» мектебінің айлығы өткізіліп, жас педагогтер ашық сабақтар көрсетіп, мектеп әкімшілігі мен әріптестерінің кері байланыстарын алды. Аздаған уақыт аралығында мамандығына деген ерекше көзқарасымен, жұмысқа деген ынтасымен 2020 жылы І.Жансүгіров атындағы ЖМУ-ін үздік дипломмен тәмамдаған биология пәнінің мұғалімі Н.Шаймұқашева, математика пәнінің магистрі Г.Жұмаш, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Д.Мукашева, тарих пәнінің мұғалімі М.Ұлық ерекше көзге түсті. Олар ашық сабақтарын жоғары деңгейде өткізіп, түрлі әдіс-тәсілдер мен жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушылардың пәндеріне деген қызығушылықтарын тудыра білді. Болашақта осындай жас мамандарымыз кәсіби шеберліктерін шыңдап келешек ұрпаққа сапалы әрі саналы тәрбие мен білім береріне сеніміміз мол.

Мәметова атындағы орта мектебі,

Алматы облысы білім басқармасының

Ескелді ауданы бойынша білім бөлімі.