ДІН ТАҒДЫРЫ — ЕЛ ТАҒДЫРЫ

Елбасымыз өз мақаласында «Рухани жаңғыру – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп атап өткен болатын. Осы тұста дәстүрлі дініміз бен болашағымызды сабақтастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор.

Осыған орай, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтауға шақырған барлық мұраттарына қолдау көрсетіп, діндердің асыл құндылықтарын өркениетті жолдармен насихаттауда ерекше қылқалам шеберлігін танытқан тілшілер қауымына қолдау көрсету мақсатында «Дін тағдыры – ел тағдыры» атты облыстық мақалалар байқауы жарияланған болатын. Бүгінде келіп түскен барлық мақалалар сарапталып, әділқазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған жұмыстар қорытындыланды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Дін тағдыры – ел тағдыры» облыстық мақалалар байқауында еліміздің зайырлы қағидаттары мен бірлігін нығайтуда, мемлекеттік-конфессияаралық келісімді сақтауға шақырған барлық мұраттарына қолдау танытқаны үшін үздік мерзімді басылым тілшілері марпатталды. «Жаркент өңірі» газетінің бас редакторы Б.Айтмұқаева (Панфилов ауданы), «Қарадала тынысы» газетінің бас редакторы А.Дүйсенбайқызы (Ұйғыр ауданы), «Жетісу шұғыласы» газетінің тілшісі З.Жұмабекова (Ескелді ауданы), «Текелі тынысы» газетінің бас редакторы Т.Тұрлыбаева (Текелі қаласы), «Нұрлы Көксу» газетінің тілшісі Д.Юсупова (Көксу ауданы) ынталандыру алғыс хатымен марапатталып, ІІІ орынды облыстық «Огни Алатау» газетінің журналисі Х.Еспанов (Талдықорған қаласы), ІІ орынды облыстық «Жетісу» газетінің журналисі Г.Тұрсынова (Талдықорған қаласы), ал І орын-ды ақын, ҚР білім беру ісінің үздік қызметкері,Талғар ауданының Құрметті азаматы, «Талғар» газетінің қоғамдық тілшісі К.Тәлімов (Талғар ауданы) қан-жығасына байлады. Сондай-ақ, дін саласында қалам тербеп жүрген ұстаздардың еңбегін ескеру мақсатында биыл алғаш рет «Зерделі зерттеуші» арнайы номинациясы бойынша ҚазҰУ-нің доценті, ф.ғ.д. Б.Бейсенов марапатталды.

Байқаудың мақсаты дін саласындағы мемлекеттік саясат идеологиясын халыққа жеткізу, халықтың діни сауаттылығын арттыру, ең бастысы, әртүрлі деструктивті діни ағымдардың әсерінен туындайтын қауіп-қатердің алдын алу болып табылады.

Алматы облыстық дін істері басқармасы.