«ЯССАУИТАНУ» ОҚУЛАРЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Сәрсенбінің сәтті күні аудандық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Яссауитану» аудандық байқауында 6-10 сынып оқушылары бақ сынасты. Байқау қашықтықтан оқытуға байланысты өзгеше форматта өтті.

Алғаш сөз кезегін осы байқауды ұйымдастыруда бастамашыл болып жүрген әділқазылар алқасының мүшесі, аудандық білім бөлімінің аға әдіскері Назгүл Мұқажанова алып, оқушыларға сәттілік тіледі.

Байқау шарттары бойынша оқушылар Яссауидың 25 хикметінің ішінен кез келген жерінен еш мүдірмей, қатесіз жатқа айту жағынан сайысқа түсті. Әр қатысушыдан 5 хикмет сұралып, әр хикмет 5 балмен бағаланды. Ең жоғарғы балл – 25 балмен есептелді.

Осы бір қасиетті, әулие бабамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған байқаудың мақсаты – қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, Түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидың рухани бай мұрасын насихаттау мақсатында жастардың бойында адамгершілік, елжандылық, ынтымақшылдық, Яссауи мұрасына құштарлық қасиеттерін құрметтеуге тәрбиелеу болып табылады.

Сайысқа қатысушылардың білімін қазылар алқасы білім бөлімінің басшысы- Мұрат Бектұров, аудандық білім бөлімінің аға әдіскері- Назгүл Қызайбайқызы, білім бөлімінің әдіскері- Айдос Исаев, Алдабергенов атындағы орта мектебінің оқу-әдістемелік жөніндегі орынбасары- Жұмар Нұрланова, Титов атындағы орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі- Балшат Әлихан сарапқа салып, төрелік етті.

Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар алқасының шешімімен жүлдегерлер анықталып, Шестаков атындағы орта мектебінің оқушысы Назым Алпысбекова, Жаңалық негізгі орта мектебінің оқушысы Асима Құдайберген, Жастар негізгі орта мектебінің оқушысы Азиза Шаншарбаева ІІІ орындарға ие болды. Облыстық кезеңге жолдама алып, жүлделі ІІ орындарға Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрай Батырбаева және Байысов атындағы орта мектебінің оқушысы Әйгерім Сәрсен орналасып, Қаблиса Жырау атындағы орта мектебінің оқушысы Жанар Күнсая І орынды иеленді.

Жеңімпаздар облыстық деңгейде өтетін байқауда аудан намысын қорғайды.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА,

Ескелді ауданының білім бөлімі.