ЕЛ ЕРТЕҢІ — АДАЛ ҰРПАҚ

Адалдықтың негізінде шындық бар,

Адалдықсыз ақиқаттың жолы тар.

Адал ұрпақ бола алмасаң егер де,

Арқа сүйей алар ма екен елім нар?!

Қазақ халқы ұлылығымен, тұғыр тағылымымен ұл-қызын адалдыққа баулыған. Адалдық рухани тазалықтан туындайды. Жан дүниесі, рухани әлемі таза адамның әрқашан абыройы асқақ, беделі жоғары.

Адалдық – әрбір адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адамдық белгісінің өлшемі іспетті. «Адалдық» деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады.

Адалдық – адамгершілік парасаттың ең биік шыңы. Ол кез келген іс-әрекетте адамшылық мүддесін жоғары қоя білуді білдіреді. Қазақ халқы «Адамдықтың нұры бол, адалдықтың құлы бол» деп, келер ұрпақты ақиқатты ардақ тұтуға шақырды. Болашақ ұрпағымызға тек тәрбие мен білім берумен шектеліп қана қоймай, адалдыққа, еңбекқорлыққа да қатар үйретуіміз керек. Адал еңбекқорлық – еліне адал қызмет ету және сыбайластық іс-әрекеттерден аулақ болудан тұрады.

Өскелең ұрпақ сыбайлас жемқорлықтан аулақ болу үшін мектеп қабырғасынан бастап тәрбиені осы бағытта беру маңызды. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінде оқушылардың бойында әділдік, адалдық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында жаңа жобалар жүргізілуде. Соның бірі – Елбасының «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының 13-қадамының жемқорлыққа қарсы күресті күшейту міндеттерін іске асыру. Осы мақсатта ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, жергілікті әкімдіктердің қолдауымен білім беру ұйымдарындағы мектеп оқушылары арасында «Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру аясында еліміздің барлық мектептерінде «Адал ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер клубы жобасы жұмысын бастап, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда.

Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінде 2018 жылдан бері оқушыларды адалдыққа үйрете отырып, мақсат-міндеттерін айқындап, нақты жоспарға сәйкес «Адал ұрпақ» еріктілер клубы құрылып, жұмыс жасауда. Еріктілер клубында 9-11 сынып оқушылары арасында 15 оқушыдан тұратын, негізгі үш секцияда жұмыс жасайтын белсенді мүшелері бар, клуб жетекшісі болып тарих пәнінің мұғалімі М.Иманғалиева, төрағасы болып 9 «а» сынып оқушысы Аида Мансұрова тағайындалды. Клубқа оқушылар қызығушылық танытып, ұшқыр ойларымен, болашаққа деген нақты көзқарастарымен көптеген жұмыстар жүргізуде.

Осы орайда жоба аясында қашықтықтан оқыту барысында онлайн форматта 8 ақпан күні мекеме қызметкерлері мен мектеп оқушылары арасында «Адал ұрпақ» жобасын түсіндіру жұмыстары өткізілді. Кездесу барысында жиынға қатысушыларға клуб жұмысы барысын түсіндіріп, І жартыжылдықтағы атқарған жұмыстарына есеп беріп, алдағы уақытта алға қойған мақсаттарын, міндеттерін тағы бір айқындап алды. Мектебіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Карипова мекеме қызметкерлері мен оқушыларына «Адал ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер клубы жобасы жұмысын түсіндіріп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру басты мақсатымыз екенін баса атап өтті. Жоба жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі М.Иманғалиева мен төрағасы А.Мансұрова І жартыжылдықта атқарған жұмыстарына тоқталып, есеп берді. Атап айтсақ, 2020-2021 оқу жылына жоспарланған мектеп оқушылары арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстар уақытылы орындалғанын айтып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған аудандық, облыстық барлық іс-шараларға белсене қатыса отырып, жеткен нәтижесімен онлайн кездесуде қатысушыларды таныстырды. Соның бірі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру мен парасаттылық құндылықтарын ілгерілетуге және отбасы өнегесін дәріптеуге үлес қосқан «Парасатты отбасы» байқауының» қатысушысы Мансұровтар әулетінің марапаттарын атап көрсетті. Сонымен бірге оқушыларымыздың қатысқан түрлі сурет, эссе байқауларын айтып өтті.

Оқушыларды рухани адамгершілікке және азаматтық-патриоттық рухта тәрбиелеу, саяси-құқықтық білімін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқының, адамгершілік, эстетикалық құндылық негіздерін қалыптастыруды алға қойған «Адал ұрпақ» клубы ары қарай өз жұмысын жалғастырады. Біздің басты мақсатымыз – кемелденген, бәсекеге қабілетті, білімді жетік меңгерген, ұрпағы ұлы, қуатты да құтты мемлекет құру. Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Мәңгілік ел болу жолындағы ұлы істе-ріміз жаңа дәуірге жол ашсын!

А. КАРИПОВА,

Т.Рүстембеков атындағы орта мектебі

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.