ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ АТАНДЫ

Қазақстандық Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Орталық Кеңесінің ұсынысы бойынша Ибраева Роза Мұхаметченқызы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Талдықорған филиалының төрағасы Шалтабаев Асан Мұқанұлы марапатты ресми түрде табыстап, жылы лебізін білдірді.
Роза Мұхаметченқызы Ескелді аудандық орталық ауруханасында 35 жыл абыройлы қызмет атқарып, аудан тұрғындарының денсаулығын сақтауда нәтижелі көрсеткіштер көрсетті.
«Аудан халқы жақсы жағдайда ем алса, дәрігерлер барлық жағдай жасалған ауруханада жұмыс істесе деген арманым орындалды», – дейді Роза Мұхаметченқызы – 52 жыл
күрделі жөндеу көрмеген аурухана биыл толығымен жөндеуден өтті. Денсаулық сақтау нысаны жаңа жүйеге ауысты».
Ол пандемия кезінде халықтың денсаулығын сақтау үшін үлкен жауапкершілік танытқан барша аурухана ұжымына алғысын білдіруде. Ақ халатты батырлар алдыңғы шепте тұрып, вируспен күресуде табандылық танытты. Оларға қандай мақтау айтсақ та артық емес.
Әркімге өзінің жұмыс істеген ортасы ыстық. Роза Мұхаметченқызы халқына әлі де
қалтқысыз қызмет атқару мақсатында аудандық перзентханада жұмысын жалғастыруда.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ,
Ескелді ауданы әкімінің
баспасөз хатшысы.