Өткен аптада Ескелді ауданы әкімдігінде ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін аудан әкімі Рауан Рақымбеков құттықтады.
Соңғы жылдардағы қуаңшылық пен наурыз айында басталған індет ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне қосымша шығындар алып келді. Бірақ ауданның ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауыр жыл мен карантинге байланысты қиындықтарға қарамастан, жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Осыған орай салтанатты жиында ауыл шаруашылығының әр саласында жақсы нәтижелерге қол жеткізген өндіріс озаттары ұлықталып, жыл үздіктерінің есімдері аталды.
Ескелді ауданы әкімінің құрмет грамотасымен «В.П.Хильниченко» шаруа қожалығының басшысы Виктор Петрович Хильниченко мен «Г.Н.Нам» шаруа қожалығының басшысы Нам Герман Николаевич марапатталды.
Алматы облысы әкімінің алғыс хатын алғандардың қатарында Алдабергенов ауылдық округінен Саят Торқымбайұлы алға шықты. Ол «Ж-Анар» шаруа қожалығының басшысы.
Келесі кезекте Ескелді ауданы әкімінің алғыс хатын «Кимадиев А.» шаруа қожалығының басшысы Азат Кимадиев, «Берік» АШӨК басшысы Тұрсынжан Мәмеш, «Вахитов Р.» шаруа қожалығының басшысы Рустам Вахитов алды.
Сонымен қатар, аудан басшысы өндірістің үздік қызметкерлері Ким Любовь Митровановна, Салқынбеков Нұржан Кенжебекұлы, Шағанбаев Дубек, Досанов Қосан Садықұлы, Калманбетов Зейнеқабылдар мақтау қағаздары мен «Ауыл еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Алға қойылған мақсаттарға ұмтылған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қай кезеңде де еңбегі өлшеусіз. Ел экономикасында өзіндік орны бар ауылшаруашылық саласы өркендеп, ондағы өндірілген өнімнің көлемі жыл санап артуда. Сондай-ақ төрт түлік мал басының өсімі тұрақты сақталып отыр.
Аудан бойынша, сала бойынша ауыз толтырып айтарлықтай оң өзгерістер көп. Бүгінде, осының барлығы еселі еңбек етіп келе жатқан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегінің арқасы.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.