ШЕЖІРЕЛІ МЕКЕН

Ақ сәлделі Алатау төбесінен төнген кең төсінде Балқашы жалтыраған, омырауында Ілесі
аққан, шіркін Жетісуым, шынында, жер жаннаты ғой!
Менің осы кең байтақ құтты мекенімді, өзім шыр етіп дүниеге келген туған елімді, асқаралы
Отанымды ән ғып өтер ем, әттең даусым жоқ. Бірақ, ол ән менің көкірегімде сайрайды,
жүрегімде тулайды, құлағымнан кетпейді.

 Н. АЛДАБЕРГЕНОВ.

Қазіргі Ескелді ауданындағы бұрынғы Шұбар, бүгінгі Алдабергенов ауылынан колхоз құрылысының академигі, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов бастаған он тоғыз Еңбек Ері, бір Кеңес Одағының Батыры шыққан ауыл аудан орталығы Қарабұлақ ауылынан 17 шақырым жерде орналасқан.
1930 жылдың қазан айында ұжымның іргесі «Жаңаталап» колхозы негізінде бастау алды. Колхоздың «Жаңаталап» деген атының өзі колхозшылардың жаңаша өмір сүріп, еңбек етуіне құлшынысын әйгілеп тұрады. Сол кезде шаруашылықтың орталығы Шұбар ауылы деп аталады. Революцияға дейін және Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Шұбар көктеуден
жайлауға көшкен малшылардың бір-екі күн қонып кететін жері еді. Оның бүгінгідей мол байлығы, қонысқа құнарлы жері барын ешкім аңғара қойған жоқ. Адам қолы тимегендіктен таудан құлаған тасқа, ағаш бұталарына толы болатын. Сондықтан да бұл жер Шұбар деп аталса керек.
Н. Алдабергенов 1906 жылы 20 желтоқсанда Кербұлақ ауданы Малайсары ауылындағы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. 12 жасынан байдың малын бағып, еңбекке араласты. 1927 жылы Түрксіб темір жолы құрылысын салуға қатысып, құрылыс аяқталған соң 1930 жылы «Жаңаталап» колхозына мүше болып кірген.
1932 жылы колхоз Жетісу өңірінде алғашқылардың қатарында қант қызылшасын өсіруді бірінші болып қолға алды. Бұл колхоз табысын молайтудың қайнар көзі болды. 1934 жылдары колхоз іргесі нығая бастады. Бұған бір жағынан еңбекті ұйымдастырудың жақсаруы себеп болды. Колхозшылар өздерінің қатарындағы сушы Нұрмолда Алдабергеновті бригадир етіп сайлады. 1936 жылы колхозшылар Н. Алдабергеновті колхоз председателі етіп сайлады. Колхозшылар қызылша өсірудің агротехникасын да шебер игерді.
1940 жылдары әр гектардан орта есеппен 450 центнерге дейін түсім алынды. Ал алдыңғы қатарлы звено жетекшілері, бригадирлер қызылша шығымдылығын бұдан да арттырды. Колхоз табиғи климаттық жағдайға қарай ауыл шаруашылығының басқа да дақылдарын
өсіре бастады. Мұнда сол 1930 жылдардан бері ауыспалы егіс жүйесі берік қалыптаса бастады.
Егістік алқабында 6 трактор, 4 соқа, 4 дән сепкіш, 1 автомашина болды. Егістік көлемі де ұлғайды, үлкен көрсеткіштерге жете бастады. Жылдан-жылға өсіп көркейе берді. Амал не, кеңес адамдарының бейбіт өмірін соғыс бұзды. Жеңістің әр сағатын, әр минутын жақындатуға колхоздың қарттары, аналары, әйелдері мен балалары, ер азаматтары өз еңбектерін аяған жоқ.
1941 жылы аталған ауылдан соғысқа 230 адам аттанып, оның 54-і ғана тірі оралды. Солардың бірі Украина жерін қорғауда қаза тапқан біздің жерлесіміз — Матай Байысов. 1944 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығымен М. Байысовқа «Совет Одағының Батыры» атағы берілді.
Н. Алдабергенов 1942 жылы соғысқа аттанып, 1945 жылы жеңіспен оралып, председательдік қызметін жалғастырады.
Соғыстан кейін ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде ұйымшылдықпен еңбек етіп, егістіктен, оның ішінде қант қызылшасын өсіруден жоғары өнім алғаны үшін 1948 жылы Н. Алдабергенов пен бірге 12 колхозшыға, 1949 жылы 3 колхозшыға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы берілді және көптеген шаруашылық озаттары орден, медальдармен марапатталды. 1950 жылы «Жаңаталап», «Қызылту», «Жаңалық» колхоздары біріктіріліп, Сталин атындағы колхоз болды.
Колхоз председателіне Н. Алдабергенов сайланды. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығы да дамыды. Мұның өзі колхоздың жалпы табысын көбейтіп, негізгі бөлінбейтін қорды молайтты. 1953 жылы егіс көлемі 3000 гектардан асып түсті.
Осылайша Н. Алдабергенов Сталин атындағы колхозды 1961 жылға дейін басқарды. Одан кейін Еркін селолық кеңесінде қызмет істеді және 1967 жылға дейін Көксу ауданындағы артта қалған К. Маркс атындағы шаруашылықты басқарды. Колхоз әр жылдарда ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде жоғарғы көрсеткіштері үшін он бес рет Естелік тулармен марапатталды. Сонымен бірге 120-дан астам Мақтау қағаздары
мен дипломдарын алды. Шаруашылық 1967 жылы 25 мамырда КСРО Жоғарғы Советінің Жарлығымен Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Иә, колхоз қозғалысының тарихын осы ауылдағы Н. Алдабергенов мемориалдық мұражайынан көруге болады. Мұражайдың тарихы 1955 жылдан басталады. Мұражайдың негізін қалаушы — Н. Алдабергеновтің өзі. Өйткені колхозға келген қонақтардың пікір жазатын кітапшаға жазылған қолтаңбасы дәлел бола алады және бірнеше фотоальбомдар мен колхозға жоғары өндірген өнімдері үшін тапсырылған сол кездегі Үкіметтің жоғары
наградасын колхоз басқарма үйінің бір бөлмесіне мұражай жасап отырған. Содан бері осы колхоз тарихын баяндайтын мұражай Алдабергенов ауылының мақтанышы болып келеді. Қазіргі кезде мұражай қорында 4270-тен аса тарихи құнды заттар мен құжаттар сақталуда. Мұражайға келіп кеткен қонақтар саны мыңдап саналады. Ал көрермендердің ішіндегі мұражай тарихында зор құрметпен сақталатын ұлы есімдерге тоқталатын болсақ, олар 1986 жылдың 23 шілдесінде Д. Қонаевтың мұражайға келуі. Ол кісі осы ауылға бұдан бұрын да бірнеше рет келген болатын. Бұл келгенінде колхоздағы Н. Алдабергеновтің 1960 жылдарда тұрған үйінен мұражай ашқанға өте риза болып, қолтаңбасын қалдырды. Сөйтіп, бұл мұражайдың мемлекет есебіне қаратылуы тиіс екендігін айтқан еді. Сол жылдың 18 тамызында Министрліктің қаулысына сәйкес, облыстық мәдениет басқармасына тікелей қарайды.


1988, 1995, 2002 жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев батырлар ауылына келіп, мұражайдағы атамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасына ризашылық білдірді. Өз қолымен жазып, естелік кітапқа қолтаңба қалдырды. Сондай-ақ, Қазақстан
Республикасының тұңғыш ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтар да келіп тамашалады. Қазақстанның ұлы жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Бауыржан Момышұлы, Әбділда Тәжібаев, Совет Одағының жазушысы В. Сурков, тағы басқа көптеген жазушылар, журналистер келіп, өздерінің қолтаңбасын қалдырған болатын.
Ал, шет елден келген қонақтардың шаруашылықты көруі және мұражай тарихымен танысқандарында есеп жоқ, өйткені шет ел қонақтары сонау 1955 жылдан бастап шаруашылықтың озат тәжірибесін көріп-үйренуі Нұрағаның жұмыс жасап жүрген кезінен басталған.
Н. Алдабергенов екі мәрте Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен шопан ата Жазылбек Қуанышбаевпен және қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевпен достық қарым-қатынаста болған. Олармен бірге түскен суреттері де мұражай
қорында. Көптеген әдеби шығармаларда Н. Алдабергенов туралы естеліктер бар. Жерлес жазушымыз, Алдабергенов ауылының тұрғыны, бұрынғы ауыл мектебінің мұғалімі Мұқаметжан Мырзақұлов «Өмір дастаны» повесін, жазушы Сәуірбек Бақбергенов «Адам және көлеңке» романын, жазушы Ұзақбай Доспанбетов «Шың мен шыңырау» екі томды романын, журналист-жазушы Құттыбек Баяндин «Нар тұлға» романын, қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Мұқанов «Н. Алдабергенов туралы аңыз» поэмасын жазды. Н. Алдабергеновтің өзі болса «Сталин атындағы колхоз» деген деректі кітаптың авторы. Сұлтан Ілиясов бірнеше естелік кітап жазды.
Нұрмолда Алдабергеновтің ізгі бейнесін халық қашанда есте сақтайды. 1977 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша Шұбар селосы мен Шұбар селолық кеңесі Алдабергенов селосы мен Алдабергенов селолық кеңесі болып жаңа атауға ие болды. Кейіннен ол Алдабергенов болып өзгертілді. Шаруашылық 1992 жылдан «Алдабергенов атындағы агрофирма» болып аталады. Қарабұлақ ауылында 1 орта мектепке, Балпық
би ауылындағы 1 орта мектепке Нұрмолда Алдабергенов есімі берілді және Алдабергенов ауылында, Талдықорған қаласында, Қарабұлақ ауылында оның есімімен аталатын көшелер бар.
Осы ұлы есімді кейінгі ұрпақтың санасына құйып, «Нұрағаша еңбек етіп, Нұрағаша өмір сүруді» насихаттау менің басты мақсатым дей келе, Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында, жаңа ғасыр ұрпағына жаңаша қызмет көрсетіп, халқымыздың тарихи мол мұрасын жүйелеп сақтауда одан әрі дамытуды жалғастыра бермекпіз.

Ш. ТЕРГЕУОВА,
Ескелді ауданының Құрметті азаматы.