БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНАН ШЫҒАТЫН РЕСМИ ҚҰЖАТТАРДЫ АПОСТИЛЬДЕУ

Алматы облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті 2017 жылдың 19 маусымынан бастап «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін көрсетеді.

Білім беру құжаттарды апостильдеу «Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы №209 бұйрығына сәйкес көрсетіледі. Департамент өз құзыреті шегінде білім туралы құжаттарды апостильдеу кезінде тек түпнұсқаларға апостиль қояды.

Апостиль — құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалығын растайтын арнайы мөртаңба.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: электронды (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.

Өтініштерді қабылдау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) және «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері: 1) Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған сәттен бастап – 15 (он бес) жұмыс күні; 2) порталға жүгінген кезде – 15 (он бес) жұмыс күні.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі «апостиль» мөртаңбасы қойылған дайын құжаттарды қағаз тасымалдағышта Мемлекеттік корпорация арқылы беру.

Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға ақылы түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес мемлекеттік баж төленген күнге белгіленген 0,5 айлық есептік көрсеткішті құрайтын мемлекеттік баж алынады.

Көрсетілетін қызметті алушы немесе оның сенім білдірген өкілі өтініш білдірген кезде мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі:

Мемлекеттік корпорацияға:

1) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

2) жеке басын куәландыратын құжат (салыстыру үшін);

3) апостильдеуге ұсынылған құжат (түпнұсқа);

4) мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек (түпнұсқа)

порталға:

1) көрсетілетін қызметті алушының электрондық сандық қолтаңбасы қойылған электронды құжат түріндегі сұранысы;

2) апостиль қою үшін ұсынылған құжаттың электронды көшірмесі.

«Білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында қарастырылған тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды берген жағдайларда мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады.

Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары: 8 (7282)40-12-34. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8-800-080-7777.

Г.САРСИМБЕКОВА,

Алматы облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің бас маманы.