ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ: ПЕДАГОГ КӨЗІМЕН

Қашықтықтан оқыту — кез келген мұғалім үшін жауапкершілігі мол қадам.Бұл жүйе мұғалімдерден жан-жақтылықты, шыдамдылықты, ал жас мамандардан екі есе жауапкершілікті, шығармашылықты талап етеді. Жас мамандар осы кезеңде цифрлық құзыреттіліктерін күшейтіп, әр түрлі сандық білім беру ресурстарымен, интернет платформалармен жұмыс жасай бастады. «Өзгелерді үйрете отырып, өзіміз де үйренеміз» деген қағиданы басшылыққа алған жас ұстаздар ақпараттық технологияларды жақсы меңгергендіктен, қашықтықтан оқыту оларға жақсы мүмкіндіктер берді. Оқу материалдарын, тапсырмаларды әзірлегенде түсінгенім, біз тапсырманы оқушы білімін тексеру үшін емес, оның өз бетінше білім алуын ұйымдастыру мақсатында әзірлейміз. Осы бағытта білім беруді ұйымдастырғанда маған «Bilimlаnd»,«Opiq.kz»,«Darуn.online» білім беру платформалары өте тиімді болып табылды. Оқушылар өз беттерінше осы сайттарға кіріп, оқу материалдарымен танысып, білімдерін тексере алады. Баршамызға таныс «Күнделік кз» жүйесі де өз көмегін тигізуде. Менің ойымша, қашықтан оқыту кезінде сынып жетекшінің рөлі өте маңызды. Сынып жетекшілігі бар жас ұстаздарға үлкен жауапкершілік артылды. Сынып жетекші осы кезеңде ұйымдастырушы қызметін атқарды. Оқушылардың әр түрлі білім беру платформаларына тіркелуі кезінде көмек берді, пән бойынша чаттар ашты, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ата-анамен жиі байланыста болып, қиындық тудыратын мәселелерді анықтап, сұрақтарға жауап берді. Осы кезеңде жас маман ретінде үнемі тәлімгер ұстазыма, тәжірибелі ұстаздарға хабарласып отырдым. Туындаған барлық сұрақтарға жауап беріп, қашықтықтан қалай білім алатынын ата-анаға түсіндіру үлкен жауапкершілікті талап етті. Жас маман ретінде бұл жүйе үлкен мектеп болды деп айта аламын. Цифрлық сауаттылығым артып, білім беру платформаларын оқу мақсаттарына сай тиімді пайдалануды үйрендім. Кез-келген жаңа нәрсе адамның өзін-өзін дамытуына мүмкіндік береді. Қашықтықтан оқыту әрбір мұғалімнен ізденуді, шығармашылық жұмыс жасауды, озық тәжірибелерімен танысуды және оны күнделікті өмірде қолдануды оқытудың қолайлы, қолжетімді форматын ескере отырып ұйымдастыруды қажет етеді.

Ж.Жакипова,

Шестаков атындағы орта мектебінің мұғалімі.