Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2020 жылғы Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің қорытындысы бойынша мектеп директорларымен және оқу ісі жөніндегі орынбасарларымен бейне байланыс арқылы кеңес өткізілді.
Кеңес барысында бөлім басшысы М.Бектуров атқарылған іс-шаралармен таныстырып өтті.
Тестілеу 27-30 маусым аралығында Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университетінде өткізілді. Түлектер ҰБТ-ге 6 мектеп автобусымен,1 спринтермен тасымалданды. Әр автобуста медициналық қызметкерлер отырды.Автобустар алғашқы медициналық көмек көрсету құралдарымен жабдықталды.
Аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік машиналары оқушыларды кестеге сәйкес алып барып, алып қайтуды ұйымдастырды.
Оқушыларға таңғы және түскі ас ұйымдастырылды. Жетісу Мемлекеттік Университетінде түлектерді коронавирус
инфекциясынан қорғау үшін 5 шара қолданылды:
Тест тапсырушылар зарарсыздандыру тоннелінен өткізілді;
Олардың аяқкиімі арнайы зарарсыздандыру кілемшелерімен өңделді;
Түлектердің қолын санитайзермен тазалау ұйымдастырылды;
Олардың дене қызуы өлшенді;
ҰБТ-ға қатысушыларға бір реттік медицина маскасы таратылды.
Тестілеу барысында аудиторияның 50 пайызы ғана толы болды. Тестілеуге кіру кезі мен сынақ барысында талапкерлердің арасында 2 метр қашықтық сақталды.
Биыл алғаш рет электрондық үкімет базасы арқылы адамның бет-әлпетін анықтау құрылғысы — Face ID көмегімен тұлғаны сәйкестендіру тәсілі- қолданылды. Сонымен қатар осы жылы талапкерлер үшін калькулятор пайдалануға рұқсат етілді.Тестілеу уақыты ұзартылып, түлектер қорытынды мектеп емтиханынан босатылды.
2019-2020 оқу жылында 11-сыныпты 422 оқушы аяқтады. Ұлттық Бірыңғай Тестілеуге қатысуға 280 оқушы өтініш берді, бұл 66,3 пайызды құрады.
Аудан бойынша 23 оқушы 100-ден жоғары балл жинады.Ең жоғары 120 балды Қарабұлақ орта мектебінің оқушысы Балтабаева Айым иеленді.
Енді ауданымыздың түлектері мемлекеттік білім грантын жеңіп алу үшін конкурсқа қатысады.Ендігі міндет -мектеп түлектерінің дұрыс таңдау жасауы.
Ескелді ауданының білім бөлімі.