АРҚАЛАП ЕЛДІҢ АЛҒЫСЫН, ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН ХАЛҚЫ ҮШІН

Құрметті ақ халатты абзал жандар!

Дәрігер болу – ең жауапты да мәртебелі, абыройлы қызмет. Адамзаттың саулығы үшін, әсіресе жас ұрпақтың амандығы үшін алаңдап, дертке шипа іздеп, ауырған жанның көңіліне кірбің түспеу жолында атқарып жүрген олардың еңбектерінің бағасы өлшеусіз.

Ал бүгінгі күні коронавирус індетімен күресте ақ халатты абзал жандардың алдыңғы шепте жүргенін бәріміз білеміз. Еліміздің барлық өңірлерінде қатерлі індетпен қаймықпай күресіп жүрген, адам өмірінің арашасы бола білген жандар қандай құрметке болса да лайық.

Медицина мамандары алғашқы күннен бастап, қазіргі уақытқа дейін науқастарға қолдан келген көмегін көрсетуде. Жұмысына адал жандар қауымы тәулік бойы жұмыс орындарында қалтқысыз қызмет көрсетуде. Тіпті, отбасыларынан оқшауланып, үйлеріне бара алмаған дәрігерлер бар. Сондықтан да, еліміздегі барлық ақ халатты абзал жандар, оның ішінде санитарлық-эпидемиялогиялық қызметтің барлық қызметкеріне, санитарлық зертханалардың, сондай-ақ жедел жәрдем дәрігерлеріне ерен еңбегі үшін айтар алғысымыз шексіз.

Ақ халатты абзал жандардың адал еңбегі мен қайтпас қайсарлығының арқасында күн санап дес бермей өршіп келе жатқан жаһандық індетті жеңе алатынымызға сенуіміз керек.

Сөз соңында, бүгінгі күннің батырлары, адам денсаулығының кепілі, өз өмірлеріне қауіп келуіне қарамастан, тынымсыз еңбек етіп жатқан ақ халатты абзал жандар, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, ризашылығымызды білдіріп, еселі еңбектеріңізге сәттілік тілейміз!

Ізгі тілекпен, аудан әкімі Р. РАҚЫМБЕКОВ.