Төрт егіздің анасы сайлауда өз таңдауын жасады

Жетісу облысындағы мәслихат депутаттарын сайлау күні Талдыбұлақ ауылындағы №222 сайлау учаскесіне ерекше сайлаушы келді. Төрт егізді дүниеге әкелген көпбалалы ана Альмира Бекеева дауыс беріп, азаматтық таңдауын жасады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Төрт баланы бір мезетте дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған Альмира Бекеева көпшілікке өнегелі отбасылық тарихымен танымал. Ол ана ретінде бала тәрбиесіне басымдық бере отырып, ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси науқандарға да белсенді қатысады.

Альмираның айтуынша, сайлауға қатысу – ең алдымен балалардың болашағына және туған өлкенің дамуына бейжай қарамаудың белгісі.

«Әрбір ана үшін балаларының бейбіт, дамыған әрі жайлы ортада өскені маңызды. Сайлауға қатысу – біздің отбасымыздың, балаларымыздың ертеңіне деген жауапкершілігіміз. Болашақ әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады. Барша ата-аналарды белсенділік танытып, өз дауысын беруге шақырамын!» – деді Альмира Бекеева.

Көпбалалы ананың сайлауға қатысуы отбасы құндылықтары мен азаматтық жауапкершіліктің өзара сабақтастығын көрсетеді. Балалардың жарқын болашағы мен елдің ертеңіне қатысты шешімдерге бейжай қарамау – әрбір азаматқа ортақ міндет.