105 жастағы жетісулық әже сайлауда дауыс берді

Панфилов ауданында 105 жастағы Нағиман Шалабаева мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, үйінде дауыс берді. Ғасырдан астам ғұмыр кешкен кейуананың таңдау жасауына учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып, жағдай жасады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нағиман апа – 13 бала тәрбиелеп өсірген «Батыр ана». Бүгінде 36 немере, 103 шөбере және 13 шөпшектің қызығын көріп отырған әже үлкен әулеттің ақылшысы. Өмірдің талай белесін өткерген қария үшін ел тыныштығы мен ұрпақ амандығы – ең басты құндылық.

«Ұзақ ғұмырымда талай кезеңді бастан өткердім. Өмір маған ең қымбат құндылықтардың бейбітшілік, бірлік пен туған жердегі тыныштық екенін үйретті. 105 жасқа келсем де, сайлаудан шет қала алмаймын. Өйткені бұл – болашақ ұрпақ алдындағы ортақ борышымыз. Қазақстанда әрдайым татулық орнап, балаларымыз бен немерелеріміз берекелі де бақуатты елде өмір сүрсін», – деді Нағиман апа.

Ғасыр жасаған әже кейінгі буынға да өз өсиетін айтты. Ол жастарды ана тілін ардақтауға, ұлттық салт-дәстүрді сақтауға, үлкенді құрметтеп, ел бірлігі мен бейбітшілігін бағалауға шақырды. Кейуананың пайымынша, ұлттың болашағы – рухани құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуде.

Дауыс беру рәсімінен кейін Нағиман апа ақ батасын беріп, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледі. Оның сайлауға қатысуы – азаматтық белсенділіктің жас ерекшелігіне тәуелді емес екенін көрсеткен тағылымды сәт болды.