Дүниеге сәби әкелу – бақыт. Егіз сәби әкелу – екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт. Ал үшем, төртем табиғаттың өте сирек кездесетін сыйы болып саналады. Елімізде үшемдердің туылуы жылдан-жылға өсіп келеді.
Сәуір айының соңы өңірімізде үшемнің дүниеге келуі секілді жағымды жаңалықпен есте қалды. Ол үлкен қуаныш Алдабергенов ауылында тұратын Иманғабыловтар әулетінде орын алды. Отбасының отанасы Маржан Иманғабылова үшемді аман-есен босанып, отбасына зор бақыт сыйлады.
Соған орай, аудан әкімі Рауан Рақымбеков пен бірқатар бөлім басшылары үшемді дүниеге әкелген көпбалалы ананың үйіне арнайы барып, қуанышымен құттықтап қайтты. Өз кезегінде аудан басшысы Маржан Мәуленқызына отбасылық бақыт тілеп, сыйлыққа теледидар табыстады.
Айта кету керек, әулетіне ұлан-асыр қуаныш сыйлаған үш ұл бір ай бойына дәрігерлер бақылауында болды. Қазіргі таңда жас ананың және сәбилерінің денсаулығы қалыпты.
Үшемнің анасы Маржан Иманғабылова М.Байысов атындағы орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Бұған дейін екі баланы дүниеге әкелген ол енді бірден көпбалалы ана атанды.
Осы бүгінгі нәрестелер – елдің ертеңгі болашағы. Халқымыздың санынының артуына үлес қосып жүрген ата-аналарға таусылмас күш-қуат пен сарқылмас бақыт тілейміз. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналардың жасы ғұмырлы болсын!
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.