Мемлекеттік қызмет – ең алдымен халыққа бағдарланған сала. Бүгінгі таңда мемлекеттік органның ашықтығы мен тиімділігі тек заңнамалық шешімдермен емес, әрбір қызметкердің азаматтармен қарым-қатынас жасау деңгейімен де өлшенеді. Осы орайда сөйлеу мәдениеті, кәсіби коммуникация және стреске төзімділік – мемлекеттік қызметшінің басты құралына айналды. Азаматтардың мемлекеттік аппаратқа деген сенімі алғашқы диалогтан басталады. Сөйлеу мәдениеті тек грамматикалық тұрғыдан дұрыс сөйлеумен шектелмейді. Мұнда заңдар мен ресми терминдерді қарапайым халыққа түсінікті тілде жеткізе білу, кез келген жағдайда сұрақ қоюшының мәселесін соңына дейін мұқият тыңдау және ресми стильді сақтай отырып, құрмет пен ілтипат білдіру аса маңызды.
Жеке қабылдау немесе күнделікті өтініштермен жұмыс істеу барысында қызметкердің негізгі міндеті – мәселені шешуге шынайы ниет білдіру. Тіл табысу процесінде азаматтың жағдайын түсініп, оның мәселесін кәсіби тұрғыдан қабылдау үлкен рөл атқарады. Орынсыз дау-дамайға бармай, заң шеңберінде нақты шешімдер мен мүмкіндіктерді ұсыну арқылы конструктивті диалог орнату қажет. Сонымен қатар азаматтың өтініші бойынша атқарылған жұмыстың барысын ашық әрі уақытылы хабарлап, кері байланысты үзбеу маңызды. Мемлекеттік қызметші күн сайын әртүрлі мінез-құлықтағы және эмоционалды күйдегі адамдармен жұмыс істейді. Жағымсыз пікірлер мен шиеленісті жағдайларда стреске төзімділік таныту – жоғары кәсібиліктің белгісі. Конфликтіні ушықтырмау үшін эмоцияға эмоциямен жауап бермей, байсалдылық сақтаған жөн. Тұлғалық мәселелерге ойыспай, тек фактілер мен заңдылыққа сүйену және эмоционалды шаршаудың алдын алу тәсілдерін меңгеру қажет.
Мемлекеттік қызметшінің сыпайы сөйлеуі, сабырлы тыңдауы және кез келген стрестік жағдайда кәсібилігін жоғалтпауы – бұл тек оның жеке қасиеті емес, бүкіл мемлекеттік жүйенің бет-бейнесі. Халықпен ашық әрі мәдениетті қарым-қатынас орнату арқылы біз мемлекетке деген сенімді арттырып, сервистік форматтағы жаңа қоғамды қалыптастырамыз.
Ескелді ауданы әкімі аппаратының басшысы-
Әдеп жөніндегі уәкілі
Дюсебаев Берік Оңалбайұлы