
Ескелді ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Мектепке нық қадаммен!» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Ізгі шараны «Әділет» партиясының Ескелді аудандық филиалы қолға алып, көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсетті. Акцияның басты мақсаты – балалардың жаңа оқу жылына қажетті құрал-жабдықтарын қамтамасыз етіп, олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға үлес қосу.
Акция барысында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына мектепке қажетті оқу құралдары мен кеңсе тауарлары табысталды. Қайырымдылық көмегі балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз әрі көтеріңкі көңіл-күймен бастауына мүмкіндік берді.
Игі бастамаға ауданның белсенді тұрғындары мен демеушілері де қолдау білдірді. Олар балаларды қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып, қайырымдылық шарасының ауқымды өтуіне атсалысты.
«Мектепке нық қадаммен!» акциясы – қоғамдағы өзара қолдау мен жанашырлықтың жарқын үлгісі. Осындай игі бастамалар балаларға қамқорлық көрсетіп қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен мейірімділікті нығайтуға септігін тигізеді.
Жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастаған бүлдіршіндерге көрсетілген бұл көмек олардың білімге деген ынтасын арттырып, болашаққа нық қадам басуына жол ашары сөзсіз.