КЕУДЕСІНДЕ НАМЫСЫ, ЖҮРЕГІНДЕ ОТЫ БАР…

Өңіріміздегі қоғам қауіпсіздігін қорғап, тыныштықты сақтауға бірден-бір ықпал етуші 15-603 әскери бөлімнің құрылғанына 15 наурызда 40 жыл толды.
Тарихқа көз жүгіртсек, Түркістан әскери округінің 40-шы армиясы құрамында 1980-ші жылдың 15 наурызында Түрікменстан Республикасы Кала-и-Мор станциясында құрылған әскери бөлімнің бүгінде қанаты қатайып, бұғанасы бекіген. Ал 16 наурызда батальон Ауған жеріне Шиндант аэродромына көшірілген.
Кейін жеке автомобильді батальон Түркістан әскери округінің 40-шы армиясының құрамында 1980-ші жылдың 16-шы наурызынан 1989 жылының 2-ші ақпанына дейін Ауған соғысына қатысқан.
Сол бір қарбалас жылдарда сарбаздар Ауған жерінде 10 жыл бойы өздерінің әскери борыштарын адалдығымен атқарып, 150-ден астам офицер, сержант және қатардағы сарбаздар жауынгерлік орден және медальдармен марапатталған.
Бұл соғыста әскери бөлімнің 18 жауынгері қаза тапты.
Олардың есімдері: майор В.Матвеев, капитан В.Стуканов, прапорщик И.Подьячев, сержант С.Илюхин, қатардағы В.Ярыгин, қатардағы А.Мацко, қатардағы А.Нагаев, қатардағы С.Мосин, қатардағы А.Овсянников, қатардағы А.Остапенко, қатардағы В.Найдыч, қатардағы С.Попов, қатардағы Г.Дорофеев, қатардағы В.Крук, қатардағы А.Лашук, қатардағы А.Сорокин, қатардағы А.Хадыров, қатардағы А.Шляпников.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзеткен, халқымызға қорған болған осы ер есімдері ел есінде мәңгі қалар.
1989 жылдың 2 ақпанынан бастап батальон Ауған жерінен Ташкент облысы Бройлерное кентінде, одан кейін Самарқан қаласында орналасқан.
Содан кейін 1990 жылдың 19 маусымынан бастап батальон осы Қарабұлақ ауылына 62-362 әскери бөлімінің орнына орналасып, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамына кірді.
Осы уақытта батальон Қазақстан бойынша жанар-жағармай және әскери мүліктерді тасумен айналысты.
Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы батальонға Үштөбе гарнизонында орналасқан 30-131 әскери бөлімі көшіп келіп, осы әскери бөлімге Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес материалдық-техникалық қамтамасыз ету полкы статусы берілді.
Міне, бүгінгі күні Отанымызды қорғап, қызметте айтулы үлес қосқан Аға ұрпақ пен жас буынды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Әскери ар, намыс, айбын және даңқ символы – әскерилер жүрегіндегі жауынгерлерлік ту қашан да биікте тұрып, ішкі әскердің ел игілігі жолында ерен еңбегі мен күш-қуаты таусылмасын. Еліміздің өркендеу жолында аянбай атқарып жатқан жұмыстарыңызда төзімділік танытқандарыңыз үшін алғысымыз шексіз.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.