ҰРПАҚТАРЫ ҰМЫТПАЙТЫН ҰЛЫ ЖЕҢІС

9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні. Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Тарихта ешбір теңдесі жоқ, Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңісі оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын, байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жығып, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ащы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл – Ұлы мереке. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың өздері қорғап, қамқор болып оралған арттағы қалың елдің қамығып жеткен Жеңіс күнін, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайды.
Ұлы Отан соғысы жайлы бірсыпыра айтып өту мүмкін емес. Қаншама ата-бабаларымыз осы жеңіс үшін аянбай соғысып, жандарын қиды. Бұл соғыс адамзат тарихында ең сұрапыл, әлемді дүр сілкіндірген, жан түршігерлік қанды қырғын болды. Ұлы Жеңіске еліміздегі барлық халықтың жеңіске құштарлығының арқасында, береке-бірлігінің арқасында елімізді, жерімізді, Отанымызды сақтаймыз деп жан аямай соғысып, еңбек еткеніміздің арқасында қол жеткіздік. Қаншама ата-бабаларымыз, апа-ағаларымыз осы жеңіс үшін аянбай соғысып, жандарын қиды.
Таң алдында тәтті ұйқыда жатқан Отанымыздың шекарасынан ұрланып өткен жау оғымен адам баласының тарихында болмаған соғыс басталды. Сол күні жау тәтті ұйқыны ғана бұзған жоқ. Қыз жігітімен, ана баласымен қоштасты. Қырда қойшы қойын тастады, қолындағы таяғын винтовкаға айырбастады. Егін даласынан диқаншы трактордан түсіп, танкіге отырды. Ол кезде бүкіл ел солдат болды. Сол жылдардың бозбала, бойжеткендері ақын болуды, инженер болуды армандаған еді… Майдан даласынан 394 мың қазақ боздақтары қайтпай қалды. Бұл соғыс қайғы-қасірет әкелмеген бірде-бір отбасы болмады… Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама жас боздақтардың қыршын жасы қиылды… Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Сондықтан адамзатқа әрқашан соғысты тоқтататын жеңіс керек.
Ұлы Жеңіс 1418 күн мен түн қан кешіп, кейінгі ұрпаққа тыныштық әкелгені үшін қасиетті. Әрине, Жеңіс өздігінен келген жоқ. Оны елі, жері үшін отқа түскен ерлер ерлігі жеткізді. Қазақстаннан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 1,3 миллион ұл мен қыз аттаныпты. Бәрі де жанқиярлықпен соғысты. 500-ден астамы елге Батыр атанып, аңызға айнала оралды. Отанын жаудан қорғау үшін көпұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды.
Соның бірі Ұлы Отан соғысына Алдабергенов (Шұбар) ауылынан майданға ең таңдаулы 250 азаматы аттанды. Жеңіс күні осы азаматтардың 70-ке жуығы туған елге, сүйікті отбасына оралды.
Жеңіспен оралғандардың бірі және бірегейі Екі мәрте Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Н.Алдабергенов болатын.
Ол 1942 жылдың сәуірінде Кеңес әскері қатарына шақырылды. Ұлы Отан соғысына қатысты. Әскерге шақыры-лысымен әскери міндетін 1942 жылдың 7 шілдесіне дейін Аягөз қаласында өтеп жүріп, кейін майданға аттандырылды. Н.Алдабергеновтің майданға барған кездегі естелік кітапшасынан: «1942 жылдың 9 шілдесінде біздің бөлім бір күнге Алматы қаласына тоқтады, онда бізді жылы қарсы алып, артынан жақсы тамақтандырды, ал екінші күні майданға аттандық. Жолда Жамбыл қаласына жүрдік. Куйбышевтан Калининград қаласына дейін жаяу бардық. Біз 1800 адам едік. Артиллерист-оқтаушы болдық. Соғыста Холом мен Великие Луки қалаларын фашистерден азат еттік. 1943 жылдың 20 тамызында біздің бөлім Смоленск облысының Беларус майданына бет алды. 1943 жылдың 1 қыркүйегінде Смоленск облысы толығымен фашисттерден азат етілді, біздің артполк осыннан Тибетск қаласына жіберілді. Бұл қаланы біз 24 сағаттың ішінде азат еттік. 1944 жылдың қарашасында Эстония, Латвия, Литва қалалары босатылды. 1945 жылдың басында біздің бөлім Балтық майданындағы Кенигсберг қаласында 40 неміс полкін тұтқындады», – делінген.
Жауынгерлік тапсырманы үлгілі орын-дағаны үшін Н.Алдабергенов «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» үкіметтік наградаларымен марапатталды.
Сонымен бірге Ұлы Отан соғысының қан майданында ерлікпен қаза тапқан аталарымыз қаншама! Соның бірі – Кеңес Одағының Батыры Матай Байысұлы.
Матай Байысұлы Совет Армиясы қатарына 1942 жылы 2 қазанда шақы-рылды, 136-шы атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты.
1943 жылы қараша айында Украина жеріндегі Киев облысы, Обиходнинский ауданының Черняхов селосын азат етуде М.Байысов ерлікпен қаза тапты. Қаһарман ерлігі үшін жоғары Совет үкіметі 1944 жылы 10 қаңтарда Матай Байысұлына «Ұлы Отан Соғысының батыры» деген атақ берілді.
Оның есімімен Алдабергенов ауылында көше, орта мектеп, Ескелді ауданындағы бұрынғы Буденный ауылы М.Байысовтың есімімен аталынады. Сонымен қатар, Алдабергенов ауылының орталық алаңында орналасқан «Даңқ обелискі» ескерткішіне ауыл тұрғындары жыл сайын соғыстан оралмай қалған ардагерлердің рухына бас иіп, гүл шоқ-тарын қойып, ерліктеріне иіліп, тағзым жасайды.
Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ата-бабалары-мызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс майдангерлері мен тыл ардагерлері Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктерімен, қайсарлығымен, жігер-қайратымен, ел қорғау сезімімен келер ұрпаққа үлгі болды. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Біздің бейбіт өміріміз үшін қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен батыр бабаларымызға мәңгілік тағзым!
Г. ШАЙМҰХАНБЕТОВА,
Н.Алдабергеновтің мемориалды музейінің меңгерушісі.