Соңғы жылдары дауларды шешуде медиацияның орны ерекше. Бұл адамдардың бір-бірін сотқа жеткізбей, өзара келісім арқылы мәселені шешуіне мүмкіндік беретін тиімді тәсіл.
«Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған. Осы Заңның 1-бабына сәйкес, медиацияның қолданылу саласы жеке және заңды тұлғалар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, әкімшілік құқықтық қатынастардан және өзге де қоғамдық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу барысында, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (жанжалдар) және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар. Осы заңның 2-бабы 5-тармағына сәйкес, медиация ‑ тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі. Көп жағдайда дауласқан тараптар эмоцияға беріліп, жағдайды ушықтырып жібереді. Ал медиация керісінше, сабырға шақырып, екі жаққа да тиімді ортақ шешім табуға бағыттайды. Мұнда ешкім жеңілмейді, ешкім ұтылмайды ‑ бастысы, мәселе бейбіт түрде шешіледі. Басты назар ‑ келісім мен өзара түсіністікке аударылады.
Медиация мынадай қағидаттар негізінде жүргізіледі: еріктілік, медиация тараптарының тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік, құпиялық. Медиация уақыт пен қаражатты үнемдейді. Сот процестерінің ұзақтығы мен күрделілігі кейбір азаматтарға ауыр тиетіні белгілі. Ал медиацияда мәселе әлдеқайда қысқа мерзімде шешіледі. Аталған қағидаттарға сәйкес, медиация құпия түрде өтеді. Бұл тараптарға өз мәселесін ашық айтуға, қысылмай пікір білдіруге жағдай жасайды. Бүгінде медиация туралы ақпарат әлі де жеткіліксіз. Көп адам оның бар екенін білсе де, қалай қолдану керегін түсіне бермейді. Сондықтан бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы татуласу иснтитуты, оның ішінде соттағы татуласу маңызды орын алады және дауларды реттеуде белсенді түрде қолданылып келеді. Қоғамда келісім мәдениетін дамыту ‑ бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Медиацияны кеңінен қолдану осы бағыттағы нақты қадам болып табылады. Медиация тығырыққа тірейтін сот процедураларын айналып өтеді, сондықтан қоғамдық қарым-қатынастың ізгілікті, мәдениетті қалыптасуына септігін тигізері сөзсіз.
АСҚАРБАЙ РУСЛАН ЕРҒАЛИҰЛЫ
Ескелді аудандық сотының судьясы