ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУДЫҢ ЖҰМЫС БАРЫСЫ ТУРАЛЫ

Бүгінгі күні қашықтықтан білім беру коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға және оқу процесінің тоқтатылмауына бағытталған шаралар аясында жүзеге асырылуда. Ауданымыздың мектептері 2020 жылдың 06 сәуірінен бастап уақытша қашықтықтан оқытуға көшті. Бұл технологияның пайдалы тұстары да өте көп екені белгілі болды. Мысалы, қашықтықтан оқыту мұғалімнің біліктілігін көтеріп, оқушының өз бетімен жеке білім алуын қалыптастырады, ізденіс тудырады, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертеді.
Аудан мектептері көктемгі демалыс кезінде дайындық жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында, қазіргі таңда аудан мектептерінің 9141 оқушысы толық қашықтықтан білім алуда. Білім мекемелері тарапынан оқушыларымызға уақытша қолданысқа 250 компьютер, 5 ноутбук, 43 Otau TV берілді.
Интернет желісі ұстамайтын немесе оның жылдамдығы өте төмен ауылдардың мектептері республикалық «ЕлАрна», «Балапан», облыстық «Жетісу» телеарналары арқылы қашықтан оқып, ұстаздармен кері байланысты операторлар арқылы іске асырып жатыр. Ал мектептердегі операторлар медициналық қолғаптар мен маскалармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, білім мекемелеріндегі педагог-психологтардың қашықтықтан оқыту жағдайындағы психологиялық қолдауы туралы 7 психологтың бейнесабақтары түсіріліп, аудандық білім бөлімінің «YouTube» каналына жинақталды.
Мұғалімдеріміз де қолдаусыз қалмады. Қазіргі таңда ауданда 1229 педагог жұмыс жасауда. Қашықтықтан оқыту кезінде пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсету үшін ауданымыздың тәжірибелі ұстаздары 58 бейнесабақ, 12 кері байланыс түрлері туралы бейнеролик түсіріп, олар аудандық «YouTube» каналына салынды.
Педагогтерге қолдау көрсету, қашықтықтан оқыту барысында туындаған сұрақтарға дер кезінде жауап беру барысында аудандық білім бөлімінде және ауданның барлық 30 мектебінде call-орталықтары жұмыс жасауда.
Осы жасалып жатқан жұмыстардың барлығы оқушыларымыз қазіргі заманның талабына сай пайдалы, сапалы білім алуына бағытталғанын ұмытпауымыз қажет.
Ескелді ауданының білім бөлімі.