ТҰТЫНАТЫН ӨНІМДЕР АРЗАНДАТЫЛҒАН БАҒАДА

Бүгінгі күні тұрақтандыру қорындағы халық күнделікті тұтынатын азық-түліктің көлемі жеткілікті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру мақсатында Ескелді ауданына қарасты Алдабергенов пен Қарабұлақ ауылдық округтерінің дүкендеріне арзандатылған бағада жуа мен картоп сатылымға қойылды.
Атап айтқанда, осы аптада 1 тоннаға жуық жуа мен 600 келіден аса картоп көкөністері «Ким Л.М», «Сарымсақов» шаруа қожалықтарының қоймаларынан алынып, аудандық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлерімен 16 дүкенге жеткізілді.
Бұл әлеуметтік өнімдердің бағасына келсек, нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен деп айтуға болады. Мысалы, жуа 70 тг/кг, картоп 90 тг/кг.
Тұрғындар осындай қолжетімді бағадағы тауарларды Алдабергенов ауылдық округінің «Достар», «Инаятова», «Қанат», «Айым», ал Қарабұлақ ауылдық округінде «Оптовочка», «Семерочка», «Глобус», «Казахстан», «Люкс», «7 Континент», «Real», «Достар», «Виктория», «Сәлем», «Альтаир», «И снова, здравствуйте» атты дүкен сөрелерінен ала алады.
Алдағы уақытта басқа да жеке кәсіпкерлер тарапынан халыққа қажетті деген тауарлар қолжетімді бағада дүкендерге жеткізіледі.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.