Ескелді ауданы аумағында өтіп жатқан референдум барысында түрлі сала өкілдерімен қатар әскери қызметшілер де азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге қатысуда.
Аудан аумағындағы №120 референдум учаскесіне келген әскери қызметшілер тіркеуден өтіп, белгіленген тәртіпке сәйкес өз таңдауларын жасап, бюллетеньдерін жәшікке салды. Олар елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды науқаннан тыс қалмай, өз дауыстарын берді.
Учаскеде дауыс беру процесі заң талаптарына сай ұйымдастырылған. Комиссия мүшелері сайлаушыларды тіркеп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әскери қызметшілер де басқа азаматтармен бірге кезек тәртібін сақтай отырып, дауыс беру рәсіміне қатысты.
Айта кетейік, аудан бойынша 35 референдум учаскесі таңғы сағат 7:00-ден бастап жұмысын бастады. Жалпы өңірде 32 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Бүгінде тұрғындар референдумға белсенді қатысып, ел болашағына қатысты маңызды таңдауларын жасауда.