ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНАЖАСАЛҒАН ҚАДАМ

Қазіргі таңда Қазақстанда мемлекет басқару жүйесін жаңарту мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырыптардың біріне айналды. Конституциялық реформаға қатысты ұсыныстар мен пікірлер әлеуметтік желілерде де, ресми алаңдарда да белсенді айтылып, қоғамдық диалогтың жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартты. 2025 жылғы 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси және әлеуметтікэкономикалық дамуына қатысты жаңа көзқарастарын ортаға салды.

Президент жасанды интеллект дәуірінде басқару жүйесін заман талабына сай жаңғыртудың маңызын атап өтті. Осы үндеуде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы аясында бір палаталы Парламент құру қажеттігі айтылды. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан, әсіресе әлеуметтік желілерде кең қолдау тауып, көптеген азаматтар заң шығару үдерісінің тиімділігі артып, халықтың пікірі нақтырақ ескеріледі деген ой білдірді. 2025 жылғы қазан айынан бастап парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы белсенді жұмыс істей бастады. Оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Сонымен қатар e-Otinish және eGov платформалары арқылы қарапайым азаматтар да өз ұсыныстарын жолдауға мүмкіндік алды. Нәтижесінде екі мыңнан астам ұсыныс жиналып, жан-жақты талданды. Талқылау барысында көтерілген мәселелер тек Парламент құрылымымен шектелмей, Ата Заңның өзге де маңызды нормаларын қамтыды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады. 2026 жылғы 21 қаңтарда құрылған комиссия құрамына 130 адам еніп, елдің барлық аймақтары мен әлеуметтік топтарының өкілдері қамтылды. Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді. Алғашқы отырыста ол комиссияның алдында айрықша жауапты міндет тұрғанын атап өтті. Яғни, бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі қағидаттарын сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап бере алатын жаңа құқықтық модель қалыптастыру. Комиссия жұмысының басты ерекшелігі – ашықтық болды. Барлық отырыстар тікелей эфирде көрсетіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды. Сарапшылар, құқық қорғаушылар және қоғам белсенділері өз пікірлерін ашық білдірді. Бұл өз кезегінде «Естуші мемлекет» қағидатының нақты іске асып жатқанын көрсетті. Жаңа Конституция жобасы ресми түрде жарияланып, қоғамдық талқылауға ұсынылды. Құжат Кіріспе, 11 бөлім және 95 баптан тұрады. (қолданыстағы редакцияда – Кіріспе, 9 бөлім және 101 бап). Конституция мәтінінің 84 пайызы жаңартылған. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды конституциялық жаңғырту жүргізіліп жатқанын аңғартады. Жобада адам құқықтары мен бостандықтарына ерекше басымдық берілген. Әділеттілік, заң мен тәртіп, зайырлы мемлекет қағидаттары, білім беру жүйесінің діни көзқарастан тәуелсіздігі, сондай-ақ азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау алғаш рет Конституция деңгейінде нақты бекітілді. Бұл бағыттар қоғам тарапынан кең қолдау тапты. Жаңа Конституция жобасы – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, бұл Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды тарихи қадам. Қоғамдық талқылаулардың кең ауқымды болуы мен әлеуметтік желілердегі белсенді пікір алмасулар халықтың бұл реформаны өз тағдырымен тікелей байланыстырып отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта еліміздің тағдырына қатысты түпкілікті шешімді Қазақстан азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды. Бұл – әрбір азаматқа ел болашағына жауапкершілікпен қарап, саналы таңдау жасауға берілген тарихи мүмкіндік.

Р.Мейрбекова, Ескелді ауданының мәслихат депутаты