Ескелді ауданық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері Сырымбет ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынның негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасын кеңінен түсіндіріп, халықпен ашық форматта пікір алмасу болды.
Кездесу барысында коалиция өкілдері 15 наурызда өтетін саяси науқанның маңызын атап өтіп, ел болашағы әр азаматтың белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты екенін жеткізді.
Сатанов Қанат өз сөзінде жаңа Конституция жобасының басты қағидасы – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекіту екенін айтты.
«Жоба заман талабына сай дайындалды. Қоғам дамыған сайын жаңа түсініктер мен құндылықтар қалыптасады. Сол өзгерістерді заңнамалық тұрғыда айқындап, жүйелеу – уақыттың қажеттілігі», – деді ол.
Ал Саскебаев Азамат азаматтық қоғамның рөліне тоқталып, реформалар кезеңінде ұлттық бірліктің маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Осындай жауапты сәтте әр азамат сырт қалмай, саналы түрде таңдау жасауы тиіс. Бұл – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік», – деді ол.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының қоғам сұранысына негізделгені, адам құқықтарын қорғау мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталғаны айтылды. Қатысушылар қойған сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, ұсыныс-пікірлері назарға алынды. Кездесу ауыл тұрғындарының жоба мазмұнын тереңірек түсінуіне және өз ойларын ашық білдіруіне мүмкіндік жасады.
